Бұл туралы BBC жазды
Хатайға қарасты Ерзин қалашығы зілзаланың негізгі ошағы саналатын Пазаржадан 100-ақ км жерде орналасқан. Бұл жерде бірде-бір үй құлаған жоқ. Бүгінде Ерзин осы зілзаладан кейінгі ең көп тілге тиек етілген жерге айналды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ерзиннің оңтүстігіндегі 8-ақ км жердегі Дөртйолда 50 адам қаза тапты. Ал Ерзин осы алапат зілзаладан қалай аман қалды? Бұл туралы BBC жазды.
Қала тұрғындары былай дейді:
«Колонналардың арқасында бұл жер қирамаған. Мына жердегі компьютер жерге құлап сынып қалды».
«Мешіттің төрт мұнарасының үстіңгі жағы құлады. Олар ескі болғандықтан құлаған болуы мүмкін».
«Біздің қалашықта ешкім өлген жоқ, Құдайға шүкір. Кейбір ғимараттың аздап қираған жерлері бар».
Ал Ерзин қаласының әкімі Өккеш Елмасоғлы оның бірнеше факторын атайды.
«Бұның жауабын бір сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бұның көптеген себебі бар. Геологиялық себептері де, үйлердің басым көпшілігі бір қабатты болуы, Ерзиннің басым көпшілігі жеке бір қабатты үйлер, ең биік ғимарат – 6 қабат.
Басеке мына жерге үй салайық деп маған қаншама адам келеді. Мен олардың ешқайсысына рұқсат бермедім. Ол жерлер менің әкемнің «бақшасы» емес. Мен оларға архетиктурадан рұқсат алыңдар деймін. Рұқсатсыз үй салғысы келген кейбіреулерге де айыппұл салдық. Сайлауда саған дауыс береміз, көз жұмбайлық жаса дегендер де болды. Мен қайта сайлану үшін ондай қадамға бармадым, рұқсат да берген жоқпын.
Алайда мұндай жағдай Түркияның барлық жерінде кездеседі. Әкімшілік рұқсат бермесе де, кейін заңдастырамыз деген оймен үйлер салынып жатады, рұқсатсыз үйлер салынады. Сіз қанша жерден күрескеніңізбен, халықты тоқтату мүмкін емес. Бәрібір кейін өкімет заңдастырады деп рұқсатсыз үй сала береді», - дейді ол.
Құрлыс инженері Бурхан Ялман болса, жаңадан салынған үйлердің техникалық нормаларға сай екенін былай түсіндіреді.
«Бұлардың зілзаладан қатты зардап шегуінің бір себебі – ғимараттың ауыр болуы. Бұл үйлер онша ауыр емес. Жаңадан салынған ғимараттар техникалық нормаларға сай болғандықтан, құламай қалды. Адамдар аман-есен шығып үлгерді. Ерзинде мердігер фирмалар онша көп емес. Бәрі де жергілікті фирмалар, оларға тапсырыс берушілер де жергілікті тұрғындар, бірін-бірі танитын достар, туысқандар.
Осы тұрғыдан алғанда , Ерзиндегі үйлердің аман қалуы себептерінің біреуі де осы. Материалдың ақшасын жеп қою, рұқсатсыз үйлер салу деген нәрсе жоқ. Сонымен қатар үй салуға бөлінген жерлер анықталып, олардың геологиялық-сейсмикалық ерекшеліктері зерттеліп, сол жерлерге ғана үй салуға рұқсат беріледі. Кейде әкімшілік қауіпті аймақтарға да үй салуға рұқсат беріп қояды. Ондай жерлерге салынған үйлердің аман қалуы екіталай», - дейді ол.
Рұқсатсыз үй салдырмау жеткілікті ме? Жердің сейсмикалық жағдайына қарау керек. Өлі теңіз сейсмикалық белдеуі Ерзиннің 40 км-дей шығысынан өтіп жатыр. Мамандардың айтуынша, Ерзиннің аман қалуы ол жердің сейсмикалық ерекшелігіне байланысты.
«Ерзин Искендерун бассейнінде орналасқан. Искендерун бассейнінің жер қыртыстары негізінен Сейхан өзенімен ағып келген құм және қиыршық тастардан тұрады. Басқа жерлермен салыстырғанда Ерзиннің өзіндік ерекшелігі жердің қатты қыртысына жақын биік төбеде орналасқан. Ал қасындағы Дөртйол мен Османие беткі қабаты жұмсақ ойпан жерде тұр. Бұл да Ерзиннің аман қалуының бір себебі», - дейді геофизик Али Йылдызел.
Қала мэрі Өккеш Елмасоғлының айтуынша, жойқын жер сілкінісінен аман алып қалу жергілікті әкімшіліктің қолынан келмейді. Бұл жерде мемлекеттік органдар мен халықтың бір-біріне қолдау көрсетуі керек екенін жасырмайды.
«Мен осылай істегендіктен, Ерзинді құтқарып қалдым деп айта алмаймын. Мойындайтын нәрселер бар. Геологиялық-сейсмикалық зерттеулер дұрыс жасалуы керек. Бұл тек қана жергілікті әкімшіліктің қолынан келмейді. Бұл жерде мемлекеттік органдар мен халықтың бір-біріне қолдау көрсетуі керек. Бірге әрекет еткенде ғана жақсы нәтижелерге қол жеткізуге болады. Бәріміз де ой-пікірімізді өзгертуге мұқтажбыз», - деді Өккеш Елмасоғлы.