×

Ресей Қазақстаннан жоғалтқанын қайтармақ ниетті, бірақ кешігіп қалды — саясаттанушы

Путин Орталық Азияны назардан шығарып алды 

Ресей Қазақстаннан жоғалтқанын қайтармақ ниетті, бірақ кешігіп қалды — саясаттанушы
© Sputnik / Кристина Кормилицына

Ресей президенті Владимир Путин Астанаға жетпей тұрып, оның Қазақстанға сапары көп талқылануда. Ол не үшін келеді? Атом электр станциясының кім салатыны осы сапарында шешіле ме? Екі елдің интеграциясына бұл сапар қалай әсер етеді? Саясаттанушы Жанат Момынқұлов Qaz365.kz тілшісіне осы сауалдар бойынша ой-пікірін айтты.

«Бірнеше себебі бар»

Бұл жолы Путиннің Астанаға сапарына айрықша көңіл бөліп отыруының бірнеше себебі бар. Біріншіден, ҰҚШҰ отырысының болуы. Ол жерде қорғаныс министрлері, қауіпсіздік кеңесі хатшылары, қауіпсіздік кеңес жиыны болады. Сол жерде осы ұйымның жұмыстарымен қатар алдағы ортақ жоспарлары туралы әңгіме болады. Жеңістің 80 жылдығы деген секілді. Осы ҰҚШҰ саммитінің кездесуінің Путиннің кездесуімен тұспа-тұс келуі – мұның барлығының осы Америкадағы сайлаулардан кейін орын алуы және Украинадағы жағдайдың шиеленісуі, Таяу Шығыстағы жағдайдың саябырлауға жақындап, келіссөзге қарай жүруі – олардың барлығы осы кездесудің маңызын арттырып отыр. Путиннің Астанаға осы жолы келуіне көп назар аударуының астарында осы жатыр деп ойлаймын.

Ал шын мәнісінде, ол кәдімгі жыл сайын жасап жүрген сапары. ҰҚШҰ-ның да кездесуі өтіп жатады. Сондықтан оны әсірелеудің қажеті жоқ, менің ойымша. Әрине, қазіргі болып отырған уақытта өте маңызды. Украинадағы жағдай қалай болады? Орыстар біресе үміттеніп, біресе үрейленіп отырған жағдайы бар, өйткені Трамп не дейді? Келіссөздің шарттары қалай болады? Қандай нәтижені Ресей иеленіп, Украинадағы өзінің жағдайын бекемдеп, тартып алған жерлерін бекемдеп, соны қалай геосаяси активке айналдырамыз деген мәселе бар. Ресей өзінің халқына жеңіс ретінде оны сата ала ма? Қысқаша айтқанда, Путин де, Трамп та – екеуі де бұл жерден жеңімпаз болып шыққысы келеді. Ешқайсысы жеңілген адам ретінде шыққысы келмейді. Біз Зеленскийді де ұмытпауымыз керек.

Путин Орталық Азияны назарынан шығарып алды

Ал Қазақстандағы жағдайға оралсақ, ең көп айтылып жатқан нәрсе – бұл жолғы кездесулер тереңірек интеграцияға жүре ме деген мәселе. Яғни, Қытай былтыр Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан үшін ең үлкен экономикалық серіктес болды. Бірінші рет үш мемлекетте! Ресей соның орнын толтыруға тырысады. Қазақстандағы тауар айналымын 30 миллиард доллардан асыруға тырысады. Ол үшін қосымша ортақ компанияларды ашуға, энергетикадан бастап бизнес саласы – Қазақстанның, Орталық Азияның нарығына барлығы кіретін болады. Сондай бір ниет байқаймын. 

Путиннің Орталық Азияға дұрыс көңіл бөлмегеніне үш жыл өтті. Бар көңіл-күйі, бүкіл қоғамының, бүкіл пропаганда машинасының, сарапшыларының – барлығының көңілі сол сұрақта жүрді. Қазір ақырындап олар Түркияны қозғап жатыр. Түркияның бұл жобасы қандай жоба деген сияқты материалдар көбейді. Сол сияқты Орталық Азия туралы көп ақпарат шығатын болады. Ес жиып жатыр, қысқасы. Орта Азияда өзгеріс көп болды. Ресей есін жиып жоғалтып алған тұстарын қайтармақ ниетте. Бірақ біраз кешігіп қалды. Енді соның орнын толтыруға тырысады. Экономикалық жағынан АЭС-ті қозғайды. Ресейдің технологияларын ұсынатын болады. Сонымен қатар Қазақстанда ортақ әскери зауыты да ашылып қалуы ықтимал. Энергетика саласында Қазақстанның территориясын қолданып, Қытайға табиғи газ жеткізу бар. Қазақстанның территориясын қолданып, Орталық Азиядағы Өзбекстанға газ жеткізуді ойлайды. Әрі қарай Пәкістанға дейін жеткізу жоспарлары да бар сияқты. Қысқаша айтқан кезде, сол жіберіп алған еселердің орнын толтыру үшін жанталасып, қайтадан осы аймаққа кіруге тырысады. Онсыз да аймақта ғой, енді бірақ өзінің рөлін арттыруға тырысады. Қаңтар оқиғасынан кейін, Украинадан кейін күшейіп кеткен Қытайдың ықпалы бар. Соған бір пара-пар, қарсы салмақ ретінде бұрынғы рөлін жіберіп алмауға тырысады.

Қарин Қытайға, Әшімбаев Ресейге не үшін барды

Бір айта кетерлігі, осы кездесулердің алдында үлкен делегация, университеттің басшылығы, бүкіл стратегиялық ойлау институттарының басшылығы, Қарин (Ерлан Қарин) бар – бар басқа да тұлғалар Қытайға барды. Ал Мәулен Әшімбаев сияқты үлкен саяси тұлғалар Ресейге барып, оларды жоғары деңгейде қарсы алды. Яғни, бір уақытта екі жаққа да сигнал беріліп жатыр. Біз тепе-теңдікті сақтауға ұмтылып жатырмыз. Бұл соның айғағы деп білемін. Яғни Ресеймен де, Қытаймен де ой орталықтарымыз, университеттеріміз бар. Әртүрлі деңгейдегі кездесулер де болып жатыр. Бұл да бір символикасы. АЭС тақырыбы да көтеріледі.

Үш жылдың ішінде Қазақстан дипломатиялық арналарда өз белсенділігімізді, байланыстарды арттырдық. Әзербайжанмен, Өзбекстанмен логистикалық байланыстарымыз күшейді. Түркі әлемінде үлкен бір реалды жанданыс басталды. Енді бұлар соны талқылап, қайта қозғай отырып, соған күмән келтіруге тырысады.

Үш жылдың ішінде біз айтқан деколонизация жүріп, қоғамдық пікір өзгеріп кетті. Қоғамдық пікір, агрессияға қарсы көзқарасы күрт өзгерді. Ресейге қатысты көзқарасымыз өзгерді. Мемлекеттің ішіндегі ұлттық мәселелерде бір жанданыс, толқыныс байқаймыз. Бұлардың барлығы айналып келген кезде осы Ресейдің экономикалық болмаса да, қоғамдық пікір, мәдениет саласында үлкен орын жоғалтып алғанын білдіреді. Өткен жолы орыс тілі халықаралық ұйымы мәселесін көтерді, ілгерілетті. Сол арқылы да тіл, қоғамдық қатынастардағы өзінің орнын сақтап қалуға күш салады. Меніңше, танымдық бәсекелестік деп айтып жатыр. Танымдық салада, тарих мәселелерінде, тіл мәселелеріне де араласып, өзінің бір нарративтерін, өзінің бір пікірлерін ілгерілеткісі келетін болады.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Шығыс Қазақстан облысында «Өскемен тынысы» экологиялық қорғау бюросы ашылады
Бүгін, 19:07

Шығыс Қазақстан облысында «Өскемен тынысы» экологиялық қорғау бюросы ашылады

Жаңа ұйымның мақсаты – ауа сапасына қатысты қордаланған мәселелердің шешімін іздеу

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →