Ол құрылысты қазақстандық компания да жасай алатынын айтып отыр
Алматыда «Барлық» базарына дейін және әуежайға қарай жаңа метро желілерінің салынатыны туралы ақпарат көпті елең еткізді. Оны салуға Қытайдан компания тартылғалы жатыр-мыс. Метроны салу үшін қарызды да Қытайдың Эксимбанкі бермек. Ал Қазақстанның метро салатын өз компаниясы тұрғанда Қытайдан қарыз алып, компаниясын тарту кімге керек болды? «Алматыметроқұрылыс» АҚ компаниясының басшысы, кәсіпкер Қайрат Реимов осы сұрақты билікке қояды? Қоғамды ойлануға шақырып отыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қалқаманнан Барлыққа дейін
Қалқаман станциясынан Барлық станциясына дейінгі метро жайлы бұған дейін Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай айтқан еді. Оның сөзінше, ұсыныс қабылданған. Енді жоба сметасы реттеліп, құны есептеледі. Ол үшін Қазақстан билігі Қытайдың Эксимбанкінен 1 млрд доллар қарыз алады. Құрылысты да Қытайдың компаниясы жүргізетінін айтқан болатын.
Кәсіпкер Қайрат Реимов метроның құрылысынан түк те түсінбейтін депутаттар халыққа қате ақпарат беріп отыр деп есептейді.
«Эксим банк Алматы қаласында Қалқаманнан Барлық станциясына дейінгі 5,3 шақырымдық метроны салу үшін Қазақстанға бергелі жатқан қарызды өте қымбат деп санаймын. Жалпы Алматыда метро салудың тәжірибесі бар. Метроны бұрын «Алматы метро-құрылыс» компаниясы салған. Тіпті құны да белгіленген. Соған қарай, біз өзіміздің коммерциялық бағамызды айта аламыз. Барлық станциясына дейінгі баға 650 млн доллардан аспауы керек. Бұл бір. Яғни, 1 млрд доллар қарызға ақша алып, оны 5,3 шақырымдық метроға жұмсағалы жатыр», - дейді ол.
Қайрат Реимовтің сөзінше, Эксимбанк қарызды 10 жылға береді. Бұл банкпен бұрын өзі жұмыс істегендіктен, олар ең кем дегенде 10 жылға қарыз беретінін жақсы білем дейді. Үкіметтің кепілдік беруімен алынатын қарыздың жылдық пайызы 4,5-5 пайыз болады деген сөз. Тиісінше, 1 млрд долларды қайтару үшін жылына 45-50 млн долларды пайыз ретінде қайтаруға тура келеді. 10 жылда бұл 450-500 млн доллар! 1 млрд доллардың үстіне осынша ақшаны қосып төлеу керек.
«Құрылыс 1,5 млрд долларға түседі. Бұл өте көп ақша. Депутаттар аталған бағаны айтқан кезде банктің талаптарынан бастауы керек. Сіз Қытай компаниялары жобалық-сметалық құжаттан шығып кетпеген үлгілерді де таппайсыз. Тиісінше, 1 млрд доллар деген Қытай компаниясының Қазақстанға кіруінің басы ғана! Оған қоса 450-500 млн доллар Қытай Эксим банкінің пайыздық мөлшерлемесі! Бұл жарты миллиард доллар! Қытай нарыққа кіргеннен кейін өз жұмысының құнын қымбаттатып жіберетінін ескерсек, бұл жобаның құны одан ары өседі. Қалқаманнан Барлыққа дейінгі 5,3 шақырымдық метро біздің бюджетке 1,5-2 млрд долларға дейін қымбаттайтынын ескеру керек», - деді ол.
Кәсіпкер салыстырып былай келтіреді:
«Алматыметроқұрылыс Үкіметке де, Алматы әкімдікке де, жауапты министрліктерге де жазбаша жолдаған. Олардың бағалауы бойынша, аталған аралықты 650 млн долларға ғана салуға болады. Нормативті мерзімі де Қытай компаниясынан еш кем түспейді», – дейді Реимов.
Метро Алматыға қажет пе?
Қайрат Реимовтің сөзінше, метроның Алматыға қажеттілігіне ешқандай дау жоқ. Өйткені қала ішіндегі күнделікті көлік кептелісінен мегаполисте тіршілік қарқыны, мобильділігі бәсеңдеп барады. Қаланың өміріне көліктік жүктеме ауырлап кеткен. Экология мәселесі де туындаған.
«Алтын орда бағытына қажет пе сұрасаңыз, мен бұл орасан зор жобаның бір бөлігі ғана дер едім. Тіпті әуежай бағытын да ұлғайту керек. Ол бағытта 8 станция, Алматы 1 вокзалына, Алматы вокзалы 2 бағытына, Орбитаны вокзалға қосуда әлі де үш желі керек. Ол бағыттарда ашылса, едәуір қаланың қозғалысы жеңілдер еді. Алматыға метролар үлкен желісімен ауадай қажет. Үкімет пен Президент бекіткен Алматының дамыту жоспары өте өзекті. Сол себепті мұндай метроның құрылысын тіпті жеделдету керек», - дейді кәсіпкер.
Қазақстанның компаниялары шенеуніктерге енді «рақмет айтқысы» келмейді
Кәсіпкер Қазақстан билігі не себепті отандық компаниялардан іргесін аулақ салғысы келетінін түсінбейді. Мәселен, Алматыметроқұрылыс компаниясы дәл метро салу үшін ашылған. Қайрат Реимов мұның себебін саяси интригалардан көреді.
«Жергілікті компаниялар кейінгі жылдары кейбір шенеуніктерді жігерлендіру үшін бұрынғыша «рақмет айтқысы» келмейді. Мен басқа себепті көріп тұрған жоқпын. «Алматыметроқұрылыс» АҚ әлемнің метро салатын 20-дан астам компаниясымен тығыз қарым-қатынаста. Біз олар қандай бағаға метро салатынын, қандай құрылғыларды пайдаланатынын білеміз. Қазақстанда да дәл сол компаниялардай құрылғыларға ие бола отыра «Алматыметроқұрылыс» АҚ Алматыдағы құрылысқа жібермей, басқа елден өте қымбат салатын компанияға тапсырыс беруден мен шенеуніктердің жемқорлығынан басқа ештеңе көріп тұрған жоқпын. Себебі біз 11 станция + ДЕПО салсақ та, бізден қашып, өте қымбат қытайлық компанияны тартады. Біз де сол қытай компаниясымен жақсы қарым-қатынастамыз. Олар да таңғалып отыр. «Қазақстанда сондай күшті компания бола тұр, бізді неге шақырып жатыр?» деп сұрайды. Олар да шенеуніктер өз мүддесін көздейтінін жасырмайды. Саяси ойындардың салдарынан қазір «Алматыметроқұрылыс» АҚ шет қалды. Біз шынайы, төмен бағаны көрсеткеннен кейін қабылдағысы келмейді. Біз салық төлеушілердің, халықтың ақшасын үнемдеп қалар едік. Кез келген тапсырманы орындайтын едік», - деді Қайрат Реимов.
Әкімдік пен Астанадағы шенеуніктер өз қателігін компанияға таңғысы келеді
Билік бұрын «Алматыметроқұрылыс» АҚ метроны баяу салды деп айыптайтын көрінеді. Реимов бірақ метроның бұрын баяу салынуына шенеуніктердің өздері кінәлі деп есептейді. Өйткені республикалық және қалалық бюджеттен үш есе аз ақша бөліп (келісімшартта көрсетілген сомадан), жұмыс жоспарын қайта-қайта тоқтатқан. Сөзсіз, «Алматыметроқұрылыс» АҚ сондай ақша аз алғаннан кейін құрылыс жұмыстарын ұзартуға мәжбүр болған. Өйткені келісімшартта «Алматыметроқұрылыс» АҚ қатаң түрде бөлінген бюджетке қарай салады деп жазылған. Келісімшарт негізінде жыл сайын метро құрылысына 20 млрд теңге бөлінуі керек болған. Алайда жыл сайын, әсіресе құрылысы аяқталатын жылдарда тек 7 млрд теңгеден бөліп келген. Осыдан кейін құрылысқа жауапты компания жұмысты берілген сомаға қарай аяқтауға мәжбүр болған.
«Әкімдік пен Астанадағылар осындай үлкен қателігін енді келіп, құрылыс компаниясына таңғысы келеді. Қазақстанда да, Қытайдағы да компаниялар метроны бірдей салады. Технологиялар мерзімі де бүкіл әлемде бірдей. Техника да бізде шетелдікі. Мәселенің мәнісін білмей жатып, депутаттарға халыққа қате ақпаратты берудің қаупі мол! Бірақ түбі метро құрылысын шетелдік компанияға берсе, бұл ЛРТ-ның қате тәжірибесі болмақ. Бұл өте қымбат жобаға айналады. Журналистер де бұған мән беруі керек. Себебі қате ақпарат берумен Парламент арқылы осы соманы өткізіп жіберуі мүмкін. Бұл Қазақстан бюджеті үшін өте қымбатқа түседі. Мұны ұмытпау керек. Концорциум көшбасшысы ретінде отандық компанияны қою керек. Қытайлықтар бізге қосымша жұмысқа келуі тиіс. Ақша берсе, келісіп алармыз. Сол шарттармен ғана жұмыс істеу керек. Депутаттар, министрлер, журналистер халыққа дұрыс ақпарат беруі керектігін қайталап айтам», - деді ол.
Реимовтің өзі Түркияда метроның бір шақырымы 180 млн еуроға, Қытай өз елінде 150 млн долларға, Еуропа елдерінде шамамен 300 млн еуроға салынатынын, ал «Алматыметроқұрылыс» АҚ Қазақстанда бір шақырымын қаражат уақтылы бөлінсе, екіжақты жолды 90 млн долларға салатынын айтады. Оның үстіне шетелдік компанияның Қазақстанға көшіп келуі де уақытты алады.
«Мен түсінбеймін. Біздікілер басын иіп Қытай мен Түркияға барып, Қазақстанға «жұмысқа келіңдерші» дейді. Жобаның тым қымбат екенін біледі. Өз ақымақтығы мен құзіретті болмағанына байланысты мәселенің мәнісіне үңілмеген бе әлде? Министрлер мен депутаттар метро құрылысын білмей жатып, пікір білдіріп жатқаны да қызық. Бағаға мән беріңіздер! Метро құрылысы бүкіл әлемде өте қымбат. Ондай құрылысшылар Қазақстанның қалтасына қымбат түседі. Оларда шахташы айына 3 мың доллар алады. Біздікілер 500-600 доллар! Салыстырыңыздар. Шетелдік жұмысшылардың айлығының өзі осындай! Ал онда қаншама басқа шығын бар. Сондықтан, өте қымбат жобаға кірмес бұрын өте дұрыстап ойлану керек. Шетелдік компания кірсе, бітті, біз одан құтылмаймыз! Өйткені олар келісімшартпен байланады. «Алматыметроқұрылыс» АҚ ол кезде де отырмайды. Ташкентте, Қазанда салып жатуымыз мүмкін. Қазақстанға қайтып, еңбек ету ол кезде бізге де қиындап кетуі мүмкін. Қазақстанда «Алматыметроқұрылыс» АҚ бар! Мамандар жетерлік! Шенеуніктер кедергі келтірмесе болды! Аз ақшаны уақтылы төлесе болды! Шетелдік компанияларға беру – 100 пайыз жемқорлық! - дейді Қайрат Реимов.