Әкімнің айтуынша, тікұшақтың қажеттігі өңірде айқын сезіледі
Шығыс Қазақстан облысы әкімі Ермек Көшербаев аймақ әкімдігі не себепті тікұшаққа тапсырыс бергенін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Әкімнің айтуынша, тікұшақтың қажеттігі өңірде айқын сезіледі.
«Мемлекеттік сатып алу сайтында Шығыс Қазақстан әкімдігі тікұшаққа бірнеше рет тапсырыс бергенін көрдік. Осы тапсырыстар тек сіздің аудандарға іссапарларыңызға ғана жұмсала ма?» – деп сұрады Qaz365.kz тілшісі әкімнен.
Брифинг барысында Ермек Көшербаев аймақты тікұшақпен өзі ғана араламайтынын айтты.
«Кім айтты мен аралайды (ұшақпен) деп? Мен жалғыз өзім аралаймын ба? Жоқ! Оған нақты жауап бар. Өздеріңіз жаңа ғана естідіңіздер. Мысалы, су тасқыны, ауру адамдарды алыс өңірлерден тасу, қиын жағдайдағы кісілерге көмектесу бар. Мысалы, былтыр қатты қар жауғанда төрт ауыл Марқакөл ауданында орталық түгілі, бүкіл әлеммен байланыссыз қалды. Ол кезде бір кісінің жағдайы өте нашар болды. Екі адам кешке жоғалып кеткен. Соның бәрін тікұшақпен таптық. Ақшаны өзіміздің бюджеттен жұмсаймыз», – деді әкім.
Ермек Көшербаевтің айтуынша, ормандағы өрттердің саны азаюына да тікұшақтардың көмегі тиген. Өйткені күнделікті МИ-2 тікұшақтары бүкіл ормандарды қарап шығады.
«Неге дрондарды пайдаланбайсыңдар дейді. Иә, дрондар да бар. Бірақ біздің таудың ерекшелігі, ауа райының ерекшелігі – кейбір кезде дрондар жоғалып кетеді. Жүре алмайды. Дрондардың алыс жерге баруына мүмкіндік жоқ. Сол шаруаларды тікұшақпен ғана атқаруға болады», – дейді ол.
Көшербаев 10 күн бұрын Башқұрстанға барғанда ол жерде үздік, заманауи өртке қарсы жүйе құрылғанын көргенін айтты.
«Бірақ Башқұрстан басшысы Ради Хабиров сол жиналысқа қатысқан адамдарға «ең сапалы тікұшақпен зерттеу, бақылау жұмыстарын жүргізетін шараларды атқаруға болады, соның арқасында ғана өрт санын азайтып, өртті өшіруге болады» деді», – дейді әкім.