Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Әзербайжан телеарнасына берген сұхбатында Ақтау маңында AZAL ұшағының апатқа ұшырауының бірқатар себептерін айтты. Сондай-ақ Ресей Федерациясына қоятын талабын жеткізді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Әрине, соңғы нұсқа қара жәшіктерді ашқаннан кейін белгілі болады. Бірақ бастапқы нұсқалары да жеткілікті әрі деректерге негізделген. Әзербайжанның азаматтық ұшағына Ресей аумағында, Грозный қаласының маңында зақым келіп, ол басқаруын жоғалтты. Сондай-ақ біздің ұшақ радиоэлектрон арқылы басқарылмайтын күйге келтірілгенін білеміз. Бұл - ұшаққа келтірілген алғашқы зиян, - дейді Әзербайжан президенті.
Ол сондай-ақ жерден жауған оқтың салдарынан ұшақтың артқы бөлігі де қатты зақымдалғанын айтты.
Сондай-ақ Әзербайжан көшбасшысы Ресейге қандай шарт қойылып отырғанын жеткізді.
Біріншіден, Ресей тарапы Әзербайжаннан кешірім сұрауы тиіс. Екіншіден, өз кінәсін мойындауы керек. Үшіншіден, кінәлілер жазаланып, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы қажет. Әзербайжан мемлекетіне, зардап шеккен жолаушыларға және экипаж мүшелеріне өтемақы төленуі керек. Бұл - біздің шарттарымыз. Олардың біріншісі кеше орындалды. Біздің қалған шарттарымыз да орындалады деп үміттенемін, - дейді Ильхам Әлиев.
Еске сала кетсек, 25 желтоқсан күні болған әуе апатынан 29 адам аман қалды. Оларға мемлекет басшысының тапсырмасымен елордадан келген білікті мамандар сапалы медициналық көмек көрсетті. Медициналық көмек алған Әзербайжанның 14 азаматы еліне оралды.