Мемлекет басшысы саммитте бірінші болып сөз сөйлеген
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс сапары аясында «Абу Дабидің орнықты даму апталығы» саммитіне қатысып, сөз сөйледі, деп хабарлайды Qaz365.kz. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз қызметі мәлімдеп отыр.
Жиынға орнықты дамудың жаһандық сын-қатерлерін талқылау үшін әлем көшбасшылары мен сарапшылар келген.
Мемлекет басшысы саммитте бірінші болып сөз сөйледі. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде әлем климаттың өзгеруі, қуаңшылық, биоалуантүрліліктің жойылуы, су тапшылығы және азық-түлік қауіпсіздігі секілді аса өзекті проблемалармен бетпе-бет келіп отырғанын атап өтті. Геосаяси шиеленіс пен жеткізу тізбегінің бұзылуына байланысты бұл жағдай одан сайын ушыға түскенін айтып жеткізді.
“Бүкіл әлем бойынша парниктік газ шығарындыларының 75 пайызы энергетикалық жүйелерге тиесілі. Биоалуантүрліліктің 10 пайызы соның салдарынан жойылады. Осы тұрғыдан алғанда, Masdar, Total, Eni сияқты халықаралық серіктестердің Қазақстанда жалпы қуаты 43 ГВт болатын жасыл энергетика жобаларын жүзеге асыруға міндеттеме алуының мәні зор. Еліміздегі алғашқы атом электр станциясының құрылысы отандық энергетика саласын орнықты дамыту бағытындағы елеулі қадам болмақ. Бұл бастама жалпыұлттық референдумда қолдау тапқан. Сонымен қатар Қазақстан әлемдік нарыққа аса маңызды шикізат түрлерін жеткізуге ұмтылып отыр. Ауаға тарайтын көміртегі мөлшерін азайту жөніндегі жаһандық мақсатты орындау үшін бұл материалдар өте қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстанның аталған түйткілдерді үш басты бағытқа, атап айтқанда, цифрландыру мен жасанды интеллект, ірі инфрақұрылымдық жобалар және ядролық энергетика салаларына негізделген стратегия арқылы шешуге ниетті екенін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жаһандық жылыну – Орталық Азия үшін басты сын-қатердің бірі.
“Жылыну үдерісінің үдей түсуі экожүйелерге, тұрмыс-тіршілікке және азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Сол себепті тез арада климатқа бейімделу стратегиясы қажет. Сондай-ақ біздің өңір трансшекаралық өзендерге тәуелді. Сондықтан бізге ерте ескерту жүйесін құрып, су және жер ресурстарын басқару ісін жетілдіру керек. Бұл ретте су үнемдеу технологияларына инвестиция салып, ирригация жүйелерін жаңғыртуға тиіспіз. Су ресурстарын тиімді басқару келісімдеріне қол жеткізіп, жасанды интеллекттің, жерсерік арқылы мониторингтің және басқа да цифрлық құралдардың көмегіне жүгінгеніміз жөн”, – деді Қазақстан Президенті.