Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан бүгін жалпы отырыста TikTok желісін бұғаттау мәселесін көтеріп, премьер-министр Олжас Бектеновке сауал жолдады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Балалар мен жасөспірімдер арасында TikTok кеңінен танымал. Соңғы екі жылда 14,1 млн қазақстандық тіркеліпті. Бұл желінің негізгі тұтынушылары да – сол бесіктен белі шықпаған балалар мен жастар. Онда пайдалы контенттен гөрі, жастарға теріс әсер ететін зиянды ақпараттар өріп жүр. Құмар ойындарды жарнамалау, стримдер арқылы әдепсіз әрекеттер көрсету, боқауыз сөздер, порнография, суицидке шақыру, діни уағыздардың оңды-солды таралуы, буллинг, тыйым салынған заттардың жарнамасы секілді теріс әрекеттерге шақыратын лас ақпараттар осы TikTok арқылы таралып жатыр. Жасөспірімдердің TikTok-тан көргенін қайталап, жағымсыз қылық пен әдепсіз іске үйір болып бара жатқаны да жасырын емес, - дейді депутат.
Ол әлемде бұғаттап жатқандар көп екенін айта келіп, Қазақстанда ойлану қажет деп ұсыныс тастады.
Осыны ескеріп әлем елдері мұның одан әрі етек алуына жол бермеу мақсатында TikTok-қа шектеу қоюды немесе ондағы контентке бақылауды күшейтуді қолға алуда. Мәселен, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдері TikTok желісіне ішінара немесе толық шектеу қойды. Ал Франция үкіметі жасөспірімдердің интернетке қолжетімділігін заңнамалық деңгейде реттеді. Аустралия 16 жасқа дейінгі балаларға қолдануды заңмен шектеді. Осы жоғарыда аталған елдердің бір білгені бар шығар... Еуропа Одағы, Канада, Ұлыбритания, Жаңа Зеландия аумағында балалар қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылыққа байланысты 2023 жылы шешім қабылдап үлгерген. Керек десеңіз, TikTok-тың атасы саналатын Қытайдың өзінде бұл платформа қолжетімді емес.Біз де жеделдетіп TikTok-қа шектеу қою мәселесін қарастырғанымыз жөн. Өйткені, TikTok-ты шамадан тыс қолданудың психологиялық әлеуметтік және академиялық салдары, баланың санасы мен денсаулығына кері әсері аз емес. Тіпті, офтальмолог дәрігерлер телефонға телмірген балалардың арасында кейінгі бес жылда көз аурулары күрт көбейіп кеткенін айтады. Сондықтан ұрпағымызды TikTok-тан келер азғындықтан арашалап қалу үшін осы мәселені тағы көтеруімізге тура келіп отыр, - дейді Жанарбек Әшімжан.
Сөз соңында Үкіметке келесі шараларды қолға алуды ұсынды.