Жоғарғы аудиторлық палата ҚР Президентінің Өкімімен 2014 жылы құрылған
Қазақстанда Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың жұмсалуына мониторинг жүргізу жөніндегі Комиссия жұмысын қайта бастады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы ҚР Жоғарғы аудиторлық палата баспасөз қызметі мәлімдеп отыр.
«Қордың қаражатын, ең алдымен, мемлекет мүддесі үшін, яғни еліміздің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру үшін пайдалану қажет. Ұлттық қор шетелдік қаржы институттарына қызмет етпеуі керек. Ұлттық қор – ұзақ мерзімге арналған макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін аса маңызды құрал. Сондықтан оны тиімді басқару қажет», — дейді Президент.
Комиссия төрағасы Әлихан Смайылов Ұлттық қор қаражатын жұмсаудың заңдылығы мен тиімділігіне мониторинг жүргізу тәсілдері өзектендірілетінін атап өтті.
«Комиссияның жұмысын қайта бастауымыз керек. Ведомствоаралық іс-қимыл мен Ұлттық қор қаражатының тиімді және мақсатты пайдаланылуын бақылау үшін жауапкершілік аймақтарын нақты айқындау қажет», — деді Әлихан Смайылов.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына байланысты да жұртшылықтың Ұлттық қорды ұтымды пайдалануға назары күшеюде.
«Ұлттық қордан алынатын трансферттерден экономикалық қайтарым болуы қажет. Ұлттық қор мемлекеттік маңызды емес міндеттерге пайдаланылмауы тиіс. Мемлекет басшысы осындай міндет қойды», — деп атап өтті Жоғары аудиторлық палата төрағасы.
Әлихан Смайылов алдағы кезеңге арналған міндеттерді атап өтті:
- Ұлттық қордан экономиканы жеңілдетілген шарттармен қолдауға бөлінген қаражатқа тексеру жүргізу;
- Ұлттық қор қаражатын неғұрлым басым бағыттарға қайта бөлу немесе оларды қайтару жөнінде ұсыныстар беру.
Қазіргі таңда комиссия құрамын жаңарту, оның қызметін жаңа форматта регламенттеу, қорытындылардың сапасын арттыру мәселелері талқылануда.
Еске сала кетейік, ҚР Ұлттық қорынан бөлінген қаражаттың жұмсалуына мониторинг жүргізу жөніндегі комиссия консультативтік-кеңесші орган болып табылады. Ол ҚР Президентінің Өкімімен 2014 жылы құрылған. 2014-2020 жылдары аралығында Ұлттық банкінің қарамағында жұмыс істеді. 2020 жылдан бастап комиссияның жұмыс органы Жоғары аудиторлық палата болды.