Депутат курс барысында ешқандай заңсыз әрекетті үйретпегенін айтты
Белгілі депутат және қоғам белсендісі Дәулет Мұқаев өзіне қатысты айтылған сындарға жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Соңғы уақытта Мұқаевтың «Декретке миллионмен» курсына қатысты қоғамда түрлі пікірлер айтылып жүр. Оны курс сатып байыды, болашақ аналарды заңсыз декретке шығарды деп айыптағандар да табылды. Осыған байланысты депутат өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеме жасады.
Мұқаев өз мәлімдемесінде аталған курсты 2023 жылға дейін жүргізгенін растады, бірақ оның заңсыздыққа итермелемегенін баса айтты.
2023 жылға дейін «Декретке миллионмен» сабағымда бар нәрсені түсіндіргенім үшін кей адамдар ғайбат айтып жатыр. Бірақ олар 100% менің сабағыма қатыспағандар! Сондықтан мені босқа қаралап, өзіңізге күнә арқаламаңыздар!"– деп жазды ол.
Депутат курс барысында ешқандай заңсыз әрекетті үйретпегенін, керісінше, ресми ақпаратты халыққа түсінікті тілде жеткізгенін алға тартты. Сонымен қатар, egov.kz сайтындағы заңды мәліметтерге сүйенгенін айтып, дәлел ретінде сілтемені де көрсетті.
Дәулет Мұқаев курс барысында жалған кәсіпкерлікке бармау керектігін бірнеше рет ескерткенін атап өтті.
Менің 2 сағаттық видео сабағымда 1 емес, 7 рет өтірік ИП ашпаңыздар деп ескерткенмін! – деді ол.
Сондай-ақ, egov.kz сайтында бір реттік төлем ретінде 1 миллион теңге емес, заңды түрде 2,5 миллион теңгеге дейін алуға болатыны көрсетілгенін мәлімдеді. Осылайша, депутат өз курсының тек ақпараттық сипатта болғанын және заңсыз әрекеттерге шақырмағанын айта келе, өзін сынағандарға негізсіз айып тақпауды өтінді.