Олар протестік пиғылдағы қауымдастықты өз қатарына қаратудың жанталасқан қамын жасауда
Мәжіліс отырысында депутат Ермұрат Бапи 30 жылдық сірескен авторитарлық мұраны қирату жаңа билікке оңайға түсіп жатпағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Елдегі 30 жылдық сірескен авторитарлық сүрі мұраның «мұрынын бұзып», қыр арқасын қирату жаңа билікке де оңайға түсіп жатпағанын іргеден сезініп жүрміз. Ескілердің ерегескен қарсылығы Қаңтардан кейін де дамыл тапты дей алмаймыз. Қазыналық-бюджеттік астаудан қағылған, халықтық мұраға мұртын батыру дағдысына қайтып оралуды аңсаған олардың астыртын айқасы әлі де жалғасып жатыр. Бүгінде олар протестік пиғылдағы қауымдастықты өз қатарына қаратудың жанталасқан қамын жасауда. Әлеуметтік желілерде жалаулатып жүрген жекелеген қоғамдық пікір серкелерінің «Жаңа Қазақстанға» қарай атқан тасы «ескілердің» есесін күйттейтіне куә болып жүрміз», – дейді депутат.
Депуттаттың сөзінше, жеке дара билікке табыну дерті өн байына сіңіп кеткен мемлекеттік-бюрократиялық аппаратты да созылмалы автократиялық дерттен айықтыру оңай болмай тұрғанына өзінің және әріптестерінің көзі әбден жеткен.
«Бұл дерттің дәрмені аппараттық вертикалды дендеп алғанын депутаттық сауалдары мен қоғамдық мүдде тұрғысындағы азаматтық талаптарына тиісті жауап ала алмай жүрген әріптестерімнің де көзі жетті деп білемін. Бірінші кезекте, реформаның жедел жүруіне мемлекеттік органдардың аппараттары ғана емес, ескі режимнің қыспағында қалып, демократиялық даму формациясы кенделеп қалған қоғамның өзі де дайын болмағаны жасырын емес. Билік пен қоғам ортақ тіл табыспайынша, «Жаңа Қазақстан» идеясын толыққанды жүзеге асыру мүмкін емес», – дейді ол.