Ерлан Қошанов "Президенттің саяси реформаларын іске асыру – мемлекеттік құрылыстың жаңа тарихи кезеңі" тақырыбында баяндама жасады
Қазақстанда суперпрезиденттік басқару моделінің дәуірі аяқталды. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Палата спикері Ерлан Қошанов мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Мәжіліс төрағасының айтуынша, шын мәнінде, Жаңа, Әділетті Қазақстан қол жетпес арман емес. Ол – халықтың талап-тілегінен, қоғамның сұранысынан туындаған қажеттілік, өмірдің шындығы. Реформалар жай ғана заңды өзгерту емес, тұтас мемлекет пен қоғамның болмыс-бітімін жаңарту, жаңғырту.
«Әлемде жетістікке жетудің әмбебап моделі жоқ. Жалпыға ортақ принциптер ғана бар. Ол – әділдік, еркіндік және даму. Президент қолға алған реформалардың да түпкі мәні – осы», - деді ол.
Қошановтың сөзінше, ел тарихында тұңғыш рет Конституцияның үштен біріне демократиялық принциптерге сай түбегейлі өзгерістер енген. Үш жылдың ішінде билік тармақтарының бәрі толықтай жаңарып-жаңғырған.
«Конституциялық референдум, Президент және Парламент сайлауы өтті. Жалпы, бұл өзгерістер президенттік институттан басталды. Суперпрезиденттік басқару жүйесі шектелді. Президент енді ешқандай партияға мүше болмайды. Жақын туыстарының жоғары лауазымды қызмет атқаруына тыйым салынды. Мемлекет басшысының жеке бастамасымен Конституцияға бір реттік, жеті жылдық мерзім қағидасы енгізілді», - дейді мәжіліс төрағасы.
Ерлан Қошанов елде 30 жыл бойы суперпрезиденттік басқару формасы қолданылғанын, алайда уақыт өте келе, ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген модель үлкен саяси дағдарысқа алып келгенін еске салды.
«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан» дейді дана халқымыз. Отыз жыл бойы Қазақстанда суперпрезиденттік басқару формасы қолданылды. Алайда, уақыт өте келе, ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген модель үлкен саяси дағдарысқа алып келді. Бұған негізінен мемлекетімізге бір ғана адам үстемдік етіп, елдің бар байлығын санаулы адам иеленуі себеп болды. Бұл жайт қоғамның ашу-ызасын туғызды және елдің дамуын тежеді», - деді ол.
Мәжіліс төрағасының сөзінше, бүкіл биліктің бір қолда шоғырлануына мүмкіндік беретін жүйеден бас тартып, суперпрезиденттік басқару моделінің дәуірі аяқталды.
«Билік тармақтары арасында оңтайлы тепе-теңдік сақталатын, мемлекеттік-саяси құрылымның мүлде жаңа моделі қалыптасты. Президенттің жанында жаңартылған, қажетті өкілеттіктері бар және қоғамның сеніміне ие болған Парламент, Үкімет, Конституциялық Сот және саяси партиялар пайда болды. Әр іс-әрекеттен заң мен тәртіпке деген құрмет көрініп тұратын әлеуметтік мемлекеттің айшықты бейнесі айқандалып келеді», - дейді Ерлан Қошанов.
Ол елдегі барлық прогрессивті қоғамдық-саяси күштерін мемлекет басшысының төңірегінде топтасуға шақырды.
«Жоғарыда айтқанымдай, біз мүлде жаңа, сәт сайын құбылып, өзгеріп жатқан тарихи дәуірде өмір сүріп отырмыз. Ал, тарихта екінші мүмкіндік деген болмайды. Халық, ұлт ретінде соны түсінуіміз керек. Өткеннен сабақ алып, сараптап, болашаққа сеніммен қадам басу – нағыз жасампаздықтың белгісі. Жарқын болашақ дегеніміз – тағдырдың жәй ғана сыйы емес. Біздің адал еңбегіміздің, төккен теріміздің өтеуі болатынын жадымыздан шығармайық. Бұл жолда ұлт болып, жұрт болып жұмылып, бірге жұмыс істеуіміз керек деп ойлаймын. Осы залда қаншама елге белгілі азаматтар, депутаттар отыр. Соның бәрін қорытып, бүгін еліміздің барлық прогрессивті қоғамдық-саяси күштерін Мемлекет басшысының төңірегінде топтасуға және Әділетті Қазақстан құру қағидаттарына негізделген резолюция (қарар) қабылдауды ұсынамын!», - деді мәжіліс төрағасы Қошанов