Ұрыс қимылдарында түрлі дрондарды пайдалану оқиғалары болды
Наурыз мейрамынан бірер күн бұрын Каспий акваториясында жұрттың назарына көп іліген қоймаған бір әскери жаттығу өткен. Қазақстан әскери-теңіз күштерінің оқу жаттығуын армия бөлімдерінің кезекті даярлық жұмыстарының қатарына қосуға болар еді. Бірақ онда заманауи әскери тактикалар мен жаһанның түрлі аймақтарында болып жатқан қақтығыстардағы амал-айлалар пысықталған болатын. Жаттығудың маңызды тұсы да осы, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Генерал-майор Серік Борамбаевтың жетекшілігімен өткен жаттығуда әскери-теңіз күштерінің бөлімшелері «камикадзе-катерлер» мен ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына тойтарыс беру амалдарын пысықтады. Сырт көз үшін әдеттегі оқиға сияқты көрінгенімен дәл осы бағытта жаттығу жасау Қазақстан офицерлерінің жаһандағы оқиғаларды жіті назарда ұстап отырғанын көрсетеді. Өйткені қазіргі таңда әлемдегі түрлі әскери қақатығыстарды камикадзе-дрондардың рөлі күрт күшейді. Йемендегі хуситтер Қызыл теңізде, украиналықтар Қара теңізде талай мәрте камикадзе-катерлерді пайдаланды. Иран, Түркия, Қытай, АҚ, Израиль қатарлы көптеген мемлекеттердің бұл бағытта жасап жатқан зерттеулері мен өндірген камикадзе-дрондары әскери-теңіз күштері бөлімдеріне жаңа бағыт әкелген сыңайлы. Техника өзгеріп барады. Демек оны пайдалану, оған қарсы күрес жүргізу де өзекті бола түседі. Отандық теңізшілердің Каспийдегі жаттығуының бір қыры осында жатыр.
Жалпы қазір әлемде әуеде де, суда да дрон пайдалану кеңінен тарап бара жатыр. Ұшқышсыз ұшатын аппараты бар мемлекеттердің саны бүгінде 100-ден асып кетті. Қазақстан да ұшқышсыз авиациялық жүйені қолдануға көше бастады. Айталық, Қазақстан Қарулы күштері Wing Loong (Қытай), Skylark (Израиль), Anka S (Түркия) дрондарын қолданып жүр. ҰҚК Шекара қызметінде АҚШ-тың RQ-11 Raven ұшқышсыз ұшатын аппараты қолданылады. Отандық Sunqar және «Шағала» дрондарын да қолданып жүрміз. Қазақстандық мамандар шетелдерден алған ірі ұшқышсыз апппараттарды түрлі мақсатта пайдалануды да біршама пысықтап жатыр. Айталық, «Жауынгерлік достастық-2023» авиажаттығуы кезінде отандық мамандары Wing Loong дрондарына миномет миналарын орнатып, оларды сынақтан өткізген. Ал бұл дрондар әдетте қытайлық BRM-1 басқарылатын зымырандарын пайдаланады. Anka S болса түркиялық Roketsan компаниясының MAM-C және MAM-L бомбаларын қолданады. Дегенмен инсайдерлік ақпарат көздері түркиялық дрондарға Қазақстан Қарулы күштері қолданатын қарулар орнату пысықталып жатқанын жеткізді. Бір сөзбен айтқанда қазақ әскерилері шетелдердегі түрлі оқиғалар мен ұрыс тактикасындағы, техникасы мен қару-жарақтағы жаңа трендтерді қалт жібермей бақылап отыр.
Ал құрлық дрондарына келсек, әзірге мұндай техникалардың қазіргі таңда ұрыстарға қатысқан сәттері көп емес. Бірақ нақты ұрыс қимылдарында түрлі дрондарды пайдалану оқиғалары болды. Айталық Украина жерінде екі жақ та мина төсеу, минадан тазалау мақсатында роботтандырылған техниканы қолданып көрді. Мұндай техника заманауи армияның ажырамас бөлшегіне айналып келеді. Қазақстан Қарулы күштерінде де мұндай дрондар бар. Атап айтқанда әскерлер tEODor және Eye Drive қатарлы құрлық дрондары қолданылады. Олар әдетте минадан тазарту, жарылғыш заттарды залалсыздардыру мақсатында пайдаланылады.
Әрине Каспийде өткен жаттығулар кезінде нақты қандай камикадзе-катерлерге қарсы ұрыс қимылдары пысықталды, ол жағын Қорғаныс министрлігінің ресми ақпаратынан табу қиын. Дегенмен қазір камикадзе-катерлердің су бетімен де, су астымен де жүретін түрлері пайда болғанын ескерсек қазақстандық әскерилер мәселені бұл жағын да назардан тыс қалдырмаған шығар деп болжаймыз. Одан бөлек FPV дрондарға, соның ішінде оптикалық-талшықты кабельмен басқарылатын дрондарға қарсы күрес шаралары да ескерілетін болар деп үміттенеміз. Ал мұндай дрондар көнерген тәсілдің жаңарған түрі болып есептеледі. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ішінара қолданылған байланыс сымдарымен басқарылатын кейбір техниканың замануи үлгісі болса керек. Сондықтан бұл да назардан тыс қалмауға тиіс.
Жалпы алғанда Қазақстанның қорғаныс қабілетін арттыру, армияны заманауи трендтерден қалдырмау, тың әскери айла-тәсіл мен амалдарды меңгеру өмір талабы. Еліміздің ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс саясаты да мұны назардан тыс қалдырмайды. Әскери ғылым да осы бағытқа жұмылдырылған. Қазақ әскерінің түрлі жаттығуларға қатысуы да елдің қорғаныс саясатына жүйелі көзқарастың бір үлгісі. Мысал ретінде айтсақ, соңғы алты жылда Қазақстан Қарулы күштері өткізген оқу жаттығуларының саны 49-дан 170-ке дейін жетіпті. Тек 2024 жылдың өзінде Қазақстан әскері 30 халықаралық оқу-жаттығуға қатысқан. Соның ішінде Орталық Азия елдері және Әзербайжанмен бірлесіп «Бірлестік» жаттығуына, Каспий теңізінде Ресеймен бірлесіп өткізген әскери-теңіз оқу-жаттығуларына, арнайы мақсаттағы күштердің «Шексіз бауырластық»жаттығуына және өзгелеріне қатысты. Қазақ әскері соңғы алты жылда шетелдерде өткен 159 жаттыуға қатысты. Ал биыл қаңтарда Түркияда өткен «Қыс-2025» жаттығуында Қазақстан сарбаздары жауынгерлік даярлықтарын пысықтады. Ал мұндай жаттығулардың барлығында заманауи техникалар мен әдіс-айла пысқыталатыны сөзсіз. Соның ішінде ұшқышсыз ұшатын аппапартарды қолдану, кадмикадзе-катерлерді қолдану мен олардан қорғану, құрлықтағы рбот-дрондарды пайдалану тәрізді тың жаңалықтар да бар. Наурыздың ортасында Каспийде өткен жаттығу кезінде қазақ әскери теңізшілері сол шетелдік әріптестерінен қалыспаудың қамын жасады. Жақсыдан үйренбекке бекінді.