Қазіргі заманғы қарулы қақтығыстар адам шығыны болмайтын, бірақ тиімділігі жоғары техникалардың алдыңғы қатарға шығуымен ерекшеленеді
Бүгінде білімге ғана емес, білекке де сенетін заман келді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Дүниедегі 145 елдің әскери күш-қуатын бағалайтін Global Firepower (GFP) рейтингісіне көз жүгіртсек, биыл біздің еліміздің армиясы өткен жылға қарағанда бір сатыға жоғарылап, 57-ші орынға тұрақтаған. Бұл көрсеткіш бойынша бұрынғы кеңестік кеңістікте Ресей мен Украинадан кейін үшінші, Орталық Азияда бірінші орындамыз.
Бүгінде білімге ғана емес, білекке де сенетін заман келді. Әлемдегі геосаяси өзгерістер мен күн санап көбейіп жатқан кикілжіңдер соны меңзейді. Алмағайып кезде «іргесі берік елді жау алмайтынын, ауызы бір елді дау алмайтынын» ұғынған Қазақ елі шекараны шегендеп, ішкі бірлікті бекемдеумен қатар әскери қауқарымызды күшейтуге де баса мән беріп келеді. Қорғаныс министрлігі берген мәліметке қарағанда, бүгінде ел басшылығы дүниеде болып жатқан қарулы қақтығыстарға, шешілмей тұрған шиеленістерге жіті назар салып отыр. Соған сәйкес, армиямызды заман талабына сай дамытып, қару-жарағымызды жетілдіру үшін ілкімді қадамдап жасалып жатыр.
Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдиновтің айтуынша, қазіргі таңда ел армиясы қолындағы қару-жарақтың 70 пайызы кейінгі 30 жылдың ішінде өндірілген және сатып алынған жаңа техникалар. Соның қатарында өз елімізде шығарылған отандық өнім де аз емес.
«Құрлық әскерлері қару-жарақ пен әскери техниканың, барлау мен автоматтандырылған басқару жүйелерінің соңғы үлгілермен толық жарақтандырылды. Қазіргі заманғы электронды барлау мен ату жүйелері, бронды көліктер мен транспортерлер, зымыран-артиллерия қондырғылары, далалық госпитальдер мен медициналық техникалар жеткілікті» деді ол.
Оның айтуынша, әуе қорғанысы әскеріне қарасты авиациялық паркіміз негізінен ресейлік техникалармен жабдықталған. Атап айтқанда, заманауи жойғыш ұшақтар, көлік тасымалдау ұшақтары, сондай-ақ тікұшақтар бар. Мысалы, 4++ буынына жататын «Су-30СМ», «Су-27», «Су-25» ұшақтары уақыт талабына сай жаңғыртылып, еліміздің аспанын қорғауға сақадай сай тұр.
Ал әскери-теңіз күштеріміз Каспий теңізі акваториясындағы ең қуатты құрылым саналады. Ол негізінен Орал қаласындағы «Зенит» зауытында жасалған заманауи зымыран-артиллериялық кемелерді пайдаланады. Көрші мемлекеттер күштерінің қатысуымен өтіп тұратын оқу-жаттығу жиындарында қазақ әскери теңізшілері жоғары кәсіби деңгейлерін көрсетіп, ел қорғауға дайын екенін дәлелдеп келеді.
Қазіргі заманғы қарулы қақтығыстар адам шығыны болмайтын, бірақ тиімділігі жоғары техникалардың алдыңғы қатарға шығуымен ерекшеленеді. Атап айтқанда, олар – ұшқышсыз аппараттар мен алыс қашыққа ататын зымырандық қондырғылар. Мәселен, Ресей-Украина соғысы әскери-өндірістік кешенді осы бағытқа қарай бұру керек екенін айқын көрсетіп отыр.
Бұл бізден де заман көшінен, техникалық трендтен қалыс қалмай, аталған қару түрлерін шығаруға баса мән беру керек екеніне назар аудартады. Бұдан бірнеше жыл бұрын Ұлттық қорғаныс университеті мамандары құрастырып шығарған «Шағала» аппараты сынақтан сәтті өткені туралы білеміз. Одан кейін Түркияның «Anka» дрондары елімізде құрастырыла бастағаны жайында жағымды ақпаратты естідік. Ал өзіміздің шабуылдаушы-жойғыш дрондарымыз қашан шығады? Бүгінде бұл бағытта Қарулы күштер Бас штабында құрылған Ұшқышсыз авиациялық жүйелерді дамыту департаменті мамандары жұмыс жүргізіп жатыр. Сәтті бастамалар бар. Алдағы уақытта Қазақстанның отандық өнімін де көріп қалуымыз ғажап емес.
Бүгінгі әлемдік геосаяси ахуал бес қаруды сай ұстаумен қатар, жан-жағыңнан тағдырыңа тірек болар одақтастарды көптеп іздеуге де мәжбүрлеп отырғаны шындық. Өйткені жар астында жасырынған жау көп заманда жалғыз жортқанның жолы бола қоймайды. Біз Ресей, Беларусь, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстан мемлекеттерінің басын біріктірген Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүшеміз. Сырттан жау тап берсе, жеті мемлекеттің ұжымдық күштері тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды сақтауға көмектеседі.
Дегенмен тек осы ұйыммен шектеліп қалмай, айналамыздағы өзге мемлекеттермен де қорғаныс саласында ынтымақтастықты орната беруіміз керек. Соның ішінде Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде Қазақстанмен қатар Өзбекстанның армиясы жетекші рөл атқарады.
Бүгінде қазақ-өзбек әскери ынтымақтастығы өзара түсіністік пен сенім рухында дамып келеді. «Қазақстан мен Өзбекстанның тату көршілік қатынастары өңірлік ынтымақтастықты нығайтуда маңызы зор. Біздің елдеріміз Орталық Азиядағы ең ірі әрі өңірдің тұрақты дамуын сақтау үшін орасан зор маңызға ие мемлекеттер. Географиялық жақындығымыз Қарулы күштеріміздің өзара тығыз іс-қимыл жасауына және бірлескен міндеттерді орындауға мүмкіндік береді», дейді Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов.
2021 жылдан бері екіжақты бірлескен жауынгерлік дайындықты арттыруға бағытталған «Қалқан», «Қамқорлық», «Қанжар» секілді оқу-жаттығу жиындары, сондай-ақ, Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан әскери контингенттерінің қатысуымен «Бірлестік-2024» халықаралық оқу-жаттығуы өтіп келеді.
Әскери кадрларды дайындауда да Қазақстан мен Өзбекстан арасында өзара түсіністік пен көмек жолға қойылған. Қазір Өзбекстанның әскери академиясында Қазақстанның төрт әскери қызметшісі білім алып жатыр. Астанадағы Ұлттық қорғаныс университетінде жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламасы бойынша Өзбекстанның 2 әскери қызметшісі оқиды. Екі жоғары оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамы халықаралық қауіпсіздіктің өзекті тақырыптары бойынша бейнеконференцияларға тұрақты кездесіп тұрады.
Бұдан бөлек, Түркия, Әзірбайжан, АҚШ, Қытай мемлекеттерімен де әскери салада бірлескен жоспарлар бар. Мүдделер түйіскен жерде ортақ міндеттер алға қойылады. Қазақ елінің тұтастығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кез келген тараппен әскери ынтымақтастық орнатып, қалтарыстағы қатерге қарсы тізе қоса күресу – басты мақсат.