×

“Өз еркіңмен бермесең, түрмеге жабам”: Өзбекстан Қытай кәсіпкерлеріне жер беріп жатыр

Жер қытайларға берілген соң шаруашылықпен айналысатын көп отбасы жұмыссыз қалған

“Өз еркіңмен бермесең, түрмеге жабам”: Өзбекстан Қытай кәсіпкерлеріне жер беріп жатыр
Сурет: коллаж/ Бейнеден кадр

Өзбекстан билігі Әндіжан облысындағы 100-деген диқанның шаруашылық жерін мемлекет резервіне деп тәркілеп алып, Қытай кәсіпкерлеріне үлестіріп берген, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Азаттық радиосына сілтеме жасап.

Бұл туралы Азаттықтың өзбек қызметі хабарлады.

Құжатта жер телімін шаруалар өз еркімен қайтарды делінген. Бірақ шаруалар билік өкілдерінің қысым көрсеткенін айтып отыр.

"Профилактика жөніндегі инспектор үйіме келіп, күштеп әкімге апарды. Әкім жерді қайтару туралы өтініш жазуды бұйырды. Бас тарттым. Ол айғайлай бастады. «Бұл президент тапсырмасы, президентке қарсы шыққың келе ме? Өз еркіңмен жерді бермесең, түрмеге жабам» деді. Бірнеше милиционердің қысымынан кейін, амалсыз өтініш жаздым", –  дейді Ұлуғнор ауданының диқаны.

Тағы бір диқан жер қытайларға өткен соң аудандағы көп отбасы жұмыссыз қалғанын айтып шағымданды.

"Жеріміз қытайларға өткен соң аудандағы көп отбасы жұмыссыз қалады. Оған қоса қытайлар жерімізге белгісіз химикаттарды пайдаланып,
бұрыш егеді деп естідік. Кейін елімізді басып алып, Шыңжаңдағы ұйғырларға жасағанын бізге де жасай ма деп қорқамыз", –  дейді Әндіжан облысының диқаны. 

Ал тағы бір диқан жерін бергісі келмей қарсылық танытқанда әскерилер келіп күштеп тартып алғанын айтып отыр.

"Жерімді бергім келмей, қарсылық таныттым. Сол кезде аудан әкімі әкімдік ғимаратына 20-дан астам милиция мен ұлттық гвардия өкілін шақыртып, әйеліміз екеумізді ұстауды бұйырды. Сол үшін де ешбір шаруа қарсы келе алмады. Қарсыласса, түрмеге түседі. Билік әлденені сылтауратып, 15 тәулікке қамайды. Ол жақтан деніміз сау, аман шығатынымыз екіталай" –  деді Қорғантөбе ауданының диқаны.

      Бұл мәселеге қатысты қазақстандық белгілі экономист Сапарбай Жұбаев та өз пікірін білдірген.                                                                     

 "Қытайға қазір Қазақстаннан гөрі, Өзбекстан тартымдырақ болып тұр. Бірнеше жыл бұрын Қытай Қазақстаннан 1 млн гектар жер сұрады. Ол жерде майбұршақ егіп, кейін оны Қытайға экспорттамақ болды. Билік Шығыс Қазақстан аумағынан Қытайға жер беруді жоспарлап отыр деген сыбыс тарағанда, жұрт қарсы шықты. Қазақстандықтар неге қорықты? Қезінде қытайлық компаниялар Ресейде орман отап, жерін 5-6 жыл пайдаланды. Сол аралықта жер өнімсіз боп қалды. Қазақстандықтардың алаңдағаны осы еді" –  деді экономист Сапарбай Жұбаев.

Ал бұл жөнінде әлемдік БАҚ өкілдері Қытай билігінің ақша-қарыз-кредит саясаты деп, сынап отыр. Ол кезінде Қытайдан көп мөлшерде қарыз алып, өтей алмағандықтан жерінің біраз бөлігін, порттарын беруге мәжбүр болған елдердің жағдайы мысал ретінде айтылып жатыр.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →