×

«Мен сияқты тәуелсіз депутат билікке қажет емес»: Шораевтың кезекті сот отырысы қалай өтті

Сот отырысына Шораевты қолдауға жүзге тарта адам келді

«Мен сияқты тәуелсіз депутат билікке қажет емес»: Шораевтың кезекті сот отырысы қалай өтті
Qaz365.kz

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында бүгін Қазақстан халық партиясының мүшесі Нұрия Балтабайқызының арызы негізінде Арман Шораевтың үстінен ашылған іс қаралды. Сот отырысына Шораевты қолдауға жүзге тарта адам келді. Ал арызданушы Балтабайқызы онлайн қатысты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Сотқа төрелік еткен судья Әділбек Дүйсебаев, прокурор Жасұлан Жүсіпбаев, Арман Шораев пен оның екі адвокаты, бақылаушылар мен журналистер қатысты. Шораевты қолдауға келгендер сот залына кіре алмады. Кірсе де шағын залға сыймас еді. 

Мінберге бірінші болып шыққан Шораев Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаевты сатқын дегенін мойындады. Оның айтуынша, Ертісбаев Ресей пропогандисі Владимир Соловьевтің бағдарламасында «Мен орыс тіліне басымды иемін. Мен Путинге алғысымды білдіремін» деген. «Меніңше, оның бұл мәлімдемесі -  нағыз сатқындық» дейді ол. 

“Ертісбаевты сатқын дегенім рас, бұл шындық. Дәлелдеймін. Өзінің парақшасынан скриншотты жариялап, «Бұл сатқындарға дауыс бермеңдер» дегенім рас. Ертісбаев мырза неге сатқын? Ең біріншіден, халық партиясы – бұрынғы коммунистік партия. Сол коммунистік идеяларын сатып, халықтық болып шыға келді. Екіншіден, 30 жыл бойы Назарбаевтың бұлбұлы болып, жақтап, енді өзі сол Назарбаев жүйесіне оппозиция болған партияны басқарып отыр”, - дейді Арман Шораев. 

Арызданушы Нұрия Балтабайқызы Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданынан қосылып тұрғанын айтып, Шораевтың “сатқындар” деп көпше түрде айтқанына наразылығын білдірді. «Мен партияға мақсаттарға жету үшін кірдім» деген ол өзін сатқын деп есептемейтінін мәлімдеді.  

“Менің бұл жерде ар-намысыма, абыройыма, іскерлік беделіме нұқсан келтірді деп есептеймін. Бұл жерде қандай негізде менің бейнем постта алынды. Сол суретте менің бейнем бар”, – дейді ол.

Оған жауап берген Арман Шораев “мен сатқындар деген жазбада сіздің аты-жөніңіз бар ма?” деп сұрады. Алайда Нұрия Балтабайқызы “ол жерде менің бейнем бар” деп өз дәйегін келтірді. 

Судья істі зерттеуге қосымша уақыт керектігін айтып, келесі сот отырысын 14 наурызға ауыстырды. 

Соттан кейін журналистерге сұхбат берген Арман Шораев жәбірленушінің келмегенін «ұят нәрсе» деп атады. 

«Ол осы жерге келсе, қалың халықты көріп отырсыз. Сол үшін келе алмайды. Мен әлеуметтік желі арқылы сот болатынын айттым. Мен сияқты тәуелсіз кандидат, депутат билікке қажет емес. 30 жылдан бері келе жатқан авторитарлық жүйеде тәуелсіз сот жоқ. Шындықты шырылдап айтқан адамдар қаншама сотталды. Ал осында келген адамдар маған рух береді», - деді ол.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →