Экс-президенттің Мәскеуге сапары жеке, бейресми сипатта болған
Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Қазақстанның Тұңғыш Президенті Мәскеуге не үшін барғанын түсіндірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың Мәскеуге сапары жеке әрі бейресми сипатта болған.
“Оны Владимир Путинмен көпжылдық достық қарым-қатынас байланыстырады. Бұл қатынас мемлекеттік өкілеттіктердің бар-жоғына қарамастан сақталып отыр. Тұңғыш Президент әлемдік жетекшілермен — телефон арқылы сөйлесу, хат алмасу және жеке кездесулер арқылы байланыс орнатып келеді. Бұл тек Ресеймен ғана емес, Түркия, Қытай, БАӘ, Өзбекстан, Беларусь және басқа елдермен де байланысты. Мұндай байланыс форматы халықаралық тәжірибеге сай және жылдар бойы қалыптасқан жеке қарым-қатынастарды көрсетеді”, — деді Үкібай.
Ол сондай-ақ мемлекеттік қызметте жоқ беделді саяси тұлғалармен жеке кездесулер дипломатиялық тұрғыдан қалыпты тәжірибе екенін атап өтті. Мысалы, Назарбаевпен кездескен күні Путин Жапонияның марқұм Премьер-министрі Синдзо Абэнің жесірі Акиэ Абэмен де жеке кездесу өткізген.
“Нұрсұлтан Назарбаев Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шараларға шақырылған болатын. Алайда объективті себептерге байланысты ресми мерекелік күндері қатыса алмады. Сондықтан кейінірек, жеке сапармен барды, — деп түсіндірді баспасөз хатшысы.
“Тағы бір айта кетерлігі, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда тұрақты тұрып жатыр. Оның елден шығып кеткені туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, — деп түйіндеді Айдос Үкібай.