Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев қоры директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы басылым тілшісіне берген сұқбатында мәлімдеді
Экс-президенттің қызы Дариға Назарбаеваның қайда жүргені белгілі болды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Halyq Uni-не сілтеме жасап.
Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев қоры директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы басылым тілшісіне берген сұқбатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаев қоры жоспар бойынша жұмыс істеп тұр. Қор басшысы Дариға Назарбаева әлеуметтік бастамалар бойынша жаңа жоспарларды іске асырып жатыр.
«Мен Нұрсұлтан Назарбаев қорында атқарушы директор орынбасарымын. Дариға Нұрсұлтанқызы біздің қордың директоры. Біз ол кісінің жанында үнемі жұмыс істеп жатырмыз, әлі де жұмыс істейміз», – деген ол қор жұмысының негізгі үш бағыт бойынша жалғасып жатқанын атап өтті.
Директор орынбасарының сөзінше, «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп 2023 жылы қор 8 аутизм орталығын ашуға дайындық үстінде.
Алғашқы бағытымыз, дарынды балаларды қолдау, яғни «El Úmiti» академиясы шеңберінде «Myń bala» жобасын іске асырып жатырмыз. Екінші бағытымыз, «Қазақстан халқына» қорымен бірлесіп, Қазақстанда аутизм және өзге ментальді ауытқушылығы бар балаларға арналған 8 аутизм орталығын ашамыз. Қордың дәстүрлі бағыты саналатын жастар жобасы, әлеуметтік идеялар жәрмеңкесі және жыл сайын әр облыстағы мың адамды қамтитын азық-түлік себеттері жобасын әлі де жүзеге асырып жатырмыз, – деді ол Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында.
«Дариға Нұрсұлтанқызы Астанада тұрып жатыр ма?» деген сауалымызға ол қор басшысының қазір қоғамдық жұмыстарға ден қойып жатқандығын жеткізді.
«Әрине, ол кісі өзінің жұмысын атқарып жатыр. Неше түрлі өсек-аяңдарға мән бермейміз. Өйткені оның барлығы өтірік, жалған нәрсе. Ол кісі өзінің жұмысын атқарып жатыр. Қазір керісінше ол кісі біздің қоғамда одан әрі халыққа қызмет көрсетуге, әлеуметтік тапсырмаларды күшейтуге тапсырма берді», – деді Әлкей Марғұланұлы.
Ал қаңтардан кейінгі оқиғалардың қайталанбауы үшін мемлекеттік сектор алдын-алуға қам жасау қажеттігін, сондай-ақ көптеген деректердің уақыт өте келе айтылатынын жұмбақтай жеткізді.
Қаңтар оқиғасына қатысты ештеңе айта алмаймыз. Себебі, өзімнің жеке пікірім бойынша, әлі көп нәрсе уақыт өте келе ашыла бастайды. Жеке адамның субъективті пікірімен мемлекеттік деңгейдегі оқиғаға қатысты пікір айтуға ерте деп ойлаймын. Қолымызда толық ақпарат жоқ. Мұндай дүниенің қайталанбауына алдын алуымыз керек. Баға беруге ерте. Әлі көп нәрсені сүзгіден өткіземіз, – деді қор директорының орынбасары.
«Дариға Назарбаева қайтадан билікке келуі мүмкін бе?» деген сауылымызға ол былай деп жауап берді:
«Жоқ, олай деп ойлаймаймын. Ол кісі барлық жұмысын қоғамға, жастарға беру жағына қатты мән беріп жатыр. Ал Әлия Назарбаеваны танымаймын. Қатынас болған да емес. Басқа адамдар туралы ештеңе айта алмаймын. Себебі расымен көріспегенмін», – деді ол.
Айта кетелік, қаңтардағы оқиғалардан соң Назарбаев пен оның туыстары биліктен кеткен, кейбірі істі болған. Ал көпшілікке кәсіпкер һәм кинопродюсер болып танылған Нұрсұлтан Назарбаевтың кенже қызы Әлия Назарбаеваның қайда екені белгісіз.
Ол инстаграм әлеуметтік желісінде соңғы постын 2022 жылы 22 қаңтарда жариялаған. Онда «Жақсы күндеріңде Құдайды еске алсаң, жаман күндеріңде Құдай сені есіне алады» деп жазылған. Парақшасында Әлия Назарбаева бастамашы болған жобалардың дені 2022 жылғы қаңтардан соң жағармаған. Тек «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ парақшасынан әлі де жұмыс істеп тұрғанын байқауға болады. Жасыл технологиялар саласында бастамаларды іске асыратын орталық Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен 2015 жылы құрылған.