Ресей президенті Владимир Путин Тәжікстан астанасы Душанбеде Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиевпен кездесуде 2024 жылғы желтоқсанда Ақтау маңында апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines әуе компаниясының ұшағына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Путиннің айтуынша, апат болған күні Ресей әуе кеңістігін үш украиндық дрон кесіп өткен. Ресейдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі оларды жою үшін екі зымыран ұшырған, алайда олар нысанаға дәл тимей, AZAL ұшағына бірнеше метр қашықтықта жарылған.
«Ұшаққа зымыран тікелей соқпаған, бірақ ол, шамасы, жарылыстан ұшқан сынықтардан зақым алған. Тергеу нәтижесінде апаттың себептері анықталды», — деді Владимир Путин.
Ол сонымен қатар Ресей билігі апатқа қатысы бар барлық лауазымды тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріп, зардап шеккендер мен әуе компаниясына өтемақы төлейтінін айтты.
Президент Ильхам Әлиев Ресейдің бұл қадамын оң қабылдап, Мәскеудің апат үшін жауапкершілікті мойындауын маңызды қадам деп бағалады.
«Біз Ресейді әдейі шабуыл жасады деп айыптамаймыз. Тек жауапкершілікті мойындап, кінәлілерді әділ жазалау мен өтемақы төлеуді талап етеміз», — деді Әлиев.
Ол сондай-ақ Путинге мәселені бейбіт жолмен шешуге дайын екені үшін алғыс білдіріп, екі ел арасындағы қарым-қатынас барлық бағытта дами беретінін атап өтті.
Embraer-190 ұшағы 2024 жылдың 25 желтоқсанында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатып, Ақтау әуежайы маңында құлады. Ұшақ бортында 67 адам болған, олардың 38-і қаза тапты, оның ішінде алтауы — Қазақстан азаматы.
Алдын ала мәлімет бойынша, ұшақ фюзеляжынан сыртқы жарылыстың сынықтары мен белгісіз фрагменттер табылған. Бұл оның жақын маңда жарылыс болғанын растады.
Ресейдің бастапқыда кінәсін мойындамауы Мәскеу мен Баку арасындағы қарым-қатынасты шиеленістірген еді. Алайда Путиннің ресми мәлімдемесінен кейін тараптар өтемақы мен жауаптыларды жазалау мәселесін екіжақты келіссөздер арқылы шешуге келісті.