Израиль ХАМАС-ты айыптады
Израиль қорғаныс күштері (ЦАХАЛ) Газа секторындағы Рафах қаласы маңына әуе соққыларын жасағаннан кейін атысты тоқтату режиміне қайта оралды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі BBC-ге сілтеме жасап.
Әскерилердің айтуынша, соққылар ХАМАС тарапынан келісімнің өрескел бұзылуына жауап ретінде жасалған. Израиль тарапы радикалды топтың АҚШ-тың делдалдығымен жасалған келісім аясында израиль әскері шегінген «сары аймаққа» бірнеше рет шабуыл ұйымдастырғанын мәлімдеді.
ЦАХАЛ дерегінше, жексенбі күні таңертең ХАМАС жасаған шабуылдан екі израильдік сарбаз қаза тапқан, алайда ұйым бұл айыптауды жоққа шығарды.
«Рафах маңында террористік инфрақұрылымды жою операциясы кезінде ХАМАС жауынгерлері израильдік сарбаздарға қарсы танкіге қарсы зымыран мен атыс қаруын қолданған. Бұған жауап ретінде әскер сол аумаққа әуе соққыларын жасады», – делінген Израиль армиясының хабарламасында.
Кешке қарай ЦАХАЛ бірқатар әуе соққыларынан кейін атысты тоқтату режимінің қайта енгізілгенін растады.
«Израиль армиясы атысты тоқтату келісімін сақтауға ниетті, алайда кез келген бұзушылыққа қатаң жауап береді», – деп мәлімдеді әскери басшылық.
ХАМАС дерегінше, Израильдің қарсы соққылары салдарынан Газа секторында кемінде 45 адам қаза тапқан. Бұл ақпаратты AFP агенттігіне төрт жергілікті аурухана растады.
Еске сала кетейік, атысты тоқтату туралы келісім 10 қазанда күшіне енген. Оның алғашқы кезеңі аясында Израиль тірі қалған барлық тұтқынды босатып, 28 мәйіттің 12-сін қайтарды. Өз кезегінде Израиль тарапы 250 палестиналық тұтқынды және Газа секторынан 1718 адамды босатып, 15 палестиналықтың мәйітін де қайтарған.