Египет Түркия-Катар тандемімен бәсекеге түсіп жатыр
Каирде ФАТХ, ХАМАС және мысырлық делдалдар Газа секторын басқаратын жаңа үкімет басшысының кандидатурасы бойынша алдын ала келісімге келді. Израильдің «Кан 11» телеарнасының хабарлауынша, бұл қызметке Газадағы азаматтық ұйымдар желісінің төрағасы Амджад аш-Шава ұсынылған. Ақпарат көздерінің мәліметінше, ХАМАС жаңа үкімет құрамының жартысын анықтап қойған, ал қалған кандидаттарды Палестина әкімшілігі ұсынған. Келіссөздер процесін Мысыр үйлестіріп отыр.
Амджад аш-Шаваның кандидатурасы АҚШ ұстанымына да байланысты. Егер оның тағайындалуы мақұлданса, ол Газа секторындағы алғашқы өтпелі үкіметтің басшысы атанбақ.
Бұл жағдайға қатысты қазақстандық сарапшылар да өз көзқарасын білдірді. Олардың айтуынша, Қазақстанның ұстанымы айқын әрі дәйекті: Астана күш тепе-теңдігіне емес, халықаралық құқық пен әділеттілік балансына сүйенеді. Әрі қысқа мерзім ішінде саяси түпкі шешім әлі табыла қоймаған сыңайлы. Саясаттанушы Жанат Момынқұлов Qaz365.kz тілшісіне берген сұхбатында жаңа геосаяси ойын басталғанын айтты. Өйткені бұл күрес бітім үшін емес, Газаны басқару үшін басталған.
– Қаирдегі соңғы кездесулерде ХАМАС пен ФАТХ бастаған палестиналық негізгі саяси күштер Газа секторында билікті уақытша технократтар комитетіне беру мүмкіндігіне шартты түрде келісім білдіргені хабарланды. Алайда ХАМАС-тың билікті шын мәнінде тапсыруға дайын екені жөніндегі мәлімдемелерге менде әлі де күмән бар. Менің ойымша, бұл уақытша тыныштықты іздеу емес, аймақтағы геосаяси текетірестің екінші кезеңіне дайындық, мұнда Египет Түркия-Катар тандемімен бәсекеге түсіп, Палестина ісіндегі басты медиатор рөлін қайта алуға тырысуда, – дейді ол.
Сарапшының сөзінше, Египет тарихи тұрғыда ФАТХ пен ХАМАС-қа ықпал ететін, оларды бейресми түрде бақылап келген негізгі күштердің бірі болған. Сондықтан Қаир соңғы уақытта ерекше белсенділік танытып, шұғыл жоспарлар ұсынып отыр, себебі конфликттен кейінгі Газаны Түркия, Катар немесе тіпті БАӘ мен Сауд Арабиясы бақыласа, Мысыр өз дәстүрлі ықпалынан айырылып қалу қауіпін сезінеді.
– Басқаша айтқанда, Египет «жай ғана делдал емес», аймақтағы тарихи мұрагер ойыншы ретінде жоғалған салмағын қайтаруға немесе ең болмағанда сақтап қалуға тырысуда. Қазіргі таңда Қаир келіссөздерінде “өтпелі келісім”, яғни өткінші кезең туралы формула талқылануда. Ол бірнеше айлық салыстырмалы тыныштықты қамтамасыз етуі мүмкін, бірақ түпкілікті шешімге жол ашуы екіталай. ХАМАС тұтқындарды кезең-кезеңімен босатуға дайын екенін білдіруде, бірақ бұл, даусыз, Газадағы израильдік бақылаудың әлсіреуіне айырбас ретінде қарастырылуда. Израиль болса, әскердің бір бөлігін кезеңді түрде шығаруға теоретикалық түрде қарсы емес, дегенмен толық кетуді міндеттейтін нақты кепілге барудан бас тартуда, себебі стратегиялық вакуумнан қауіптенеді, – деп сөзін жалғады Жанат Момынқұлов.
Сонымен қатар ол «Египет, керісінше, гуманитарлық дәліздерді шектеусіз ашуды талап етіп, араб донорларының қатысуымен Израиль билігінсіз ұзақ мерзімді қайта қалпына келтіру механизмін дайындап жатыр» деген пікірді алға тартты.
– Шындық күрделірек: 3-6 айлық тыныштыққа қол жеткізілсе де, бұл толық бейбітшілік емес, бұл – екі тарап бір-біріне әлі де сенбейтін, бірақ жағдайды уақытша тұрақтандыруға тырысқан қадам ғана. Негізгі күрес гуманитарлық гуманитарлық коридор төңірегінде емес, соғыстан кейінгі Газаны кім басқарады деген саяси сұрақ төңірегінде жүруде. Өйткені басқару дегеніміз бұл билік, ал билік - бүкіл Таяу Шығыстағы ықпал жүргізудің тетігі мен архитектурасы, – деді саясаттанушы.
Ол Қазақстанның ұстанымына да қатысты өз пікірімен бөлісті. Ж. Момынқұловтың сөзінше, Астана күш балансына емес, халықаралық құқыққа негізделген әділеттіліктің балансына сүйенеді. Қазақстан медиатор болуға ұмтылмайды, бірақ ислам әлеміндегі жауапты, құқықтық және гуманитарлық ойыншы ретінде өзін нығайтып отыр, ол шешімді күшпен емес, институционалдық негізде іздейді.
– Жалпы алғанда, қысқа мерзімді локалды бітім мүмкін, алайда саяси түпкі шешім әлі табылған жоқ, тек кейінге шегеріліп тұр. Қазақстанның гуманитарлық рөлі теориялық тұрғыда күшеюі мүмкін, бірақ нақты геосаяси тетіктерді Египет, Катар, Түркия және АҚШ бөлісуі ықтимал.Палестина–Израиль қақтығысындағы бұрынғы «статус-кво дәуірі» аяқталған сыңайлы деп ойлаймын. Таяу Шығыс ықпал картасы қайта бөлінетін кезеңге өтті, онда Түркия-Катар осі мен Египет арасындағы стратегиялық тартыс тереңдей түсуде. Осы тұста, кей сарапшылар аймаққа “мәмлүктер қайта оралуы мүмкін” деген метафораны қолдана бастады, яғни аймақты жаңа тәртіппен тұрақтандыру үшін тарихи рөлдердің қайтарымы басталуы ықтимал, – деді Жанат Момынқұлов.
Дегенмен жуырда Израиль сыртқы істер министрі Гидеон Саардың айтуынша, ел Газа секторына түрік әскерінің кіруіне үзілді-кесілді қарсы. Ол Анкараның Израильге қатысты қатаң ұстанымын ескеріп, тек Израильмен әділ қатынастағы елдердің ғана халықаралық күштер құрамына ене алатынын айтты. Сондай-ақ Израиль медиасының дерегінше, алдағы уақытта Газадағы тұрақтандыру мақсатында Әзербайжан мен Пәкістанның халықаралық бітімгер әскер жіберу мүмкіндігі де талқылануы ықтимал.