Оның айтуынша, облыстың қазіргі жағдайы мүшкіл
Абай облысының әкімі Берік Уәли Семей өңірінің инфрақұрылымдық жағдайының ауыр екенін айтып, қала мен ауылдарда атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте әкім Семей қаласында биыл 52 көше асфальтталғанын, оның 36-сы бұрын-соңды жол төселмеген бағыттар екенін атап өтті.
– Бұл нені білдіреді? Осыншама жылдар аралығында Семей қараусыз қалған. Мен ешқашан әкім бармаған ауылдарға барып жатырмын. Мысалы, Емелтау деген ауыл бар, сонда барғанымда әжелер шашу шашып қарсы алды. «Тірі әкімді алғаш көріп тұрмыз» деді. Семейдің, облыстың қазіргі жағдайы өте аянышты, – деді Берік Уәли.
Әкім облыстағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелердің көп екенін жасырған жоқ.
– Шынын айту керек, біз бәрін бірден – 30, 50 немесе 100 шақырым жолды қатар салып тастай алмаймыз. Себебі бізге бөлінетін қаржы санаулы. Кешіріңіздер, мен де эмоцияға беріліп кеттім, өйткені менің облыс үшін жаным ауырады, – деді ол.
Сондай-ақ Берік Уәли өңірдің даму басымдықтары ретінде жол инфрақұрылымын жақсарту, әлеуметтік саланы көтеру және жаңа жұмыс орындарын ашуды атап өтті.
– Барлық мәселені көреміз және қолымыздан келгенше шешуге тырысамыз. Мен әрдайым облыс мүддесін қорғап, қосымша қаражат бөлу қажеттілігін дәлелдеп келемін, – деді ол.