×

Қазақстанның көпвекторлы қауіпсіздік саясаты: қақтығыстар дәуірінде ұлттық мүддені қорғаудың жаңа формулалары

Осы мәселелердің мәні, ұйымның келешегі және Қазақстанның аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі жөнінде біз саясаттанушы Борис Поломорчукпен сұхбаттасқан едік

Қазақстанның көпвекторлы қауіпсіздік саясаты: қақтығыстар дәуірінде ұлттық мүддені қорғаудың жаңа формулалары

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлік қауіпсіздік архитектурасын нығайту, әскери және аналитикалық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының заманауи сын-қатерлерге бейімделу қажеттілігі туралы бірнеше рет атап өткен болатын, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Осы мәселелердің мәні, ұйымның келешегі және Қазақстанның аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі жөнінде біз саясаттанушы Борис Поломорчукпен сұхбаттасқан едік.

- Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған тиімді әрі сұранысқа ие халықаралық құрылым екенін атап өткен еді. Қазақстан Президентінің осы ұстанымымен келісесіз бе?

- Иә, жалпы алғанда Президентіміздің бұл пікірін қолдаймын. Өйткені Мемлекет басшысының бағасы қазіргі әлемдік те, өңірлік те ахуалға сай келеді. Тұрақсыздықтың күшеюі, шекара маңындағы қатерлердің артуы жағдайында біздің өңірге ақпаратты жедел алмасатын, іс-қимылдарды үйлестіретін, бірлескен оқу-жаттығулар өткізуге мүмкіндік беретін платформа қажет. ҰҚШҰ осындай тетіктерді ұсынып отыр.

Сонымен қатар мәселе тек әскери құрамдас бөлікпен ғана шектелмейді. Бұл әлдеқайда кең: саяси диалог, арнайы қызметтердің өзара іс-қимылы, экстремизммен, есірткі саудасымен, заңсыз көші-қонмен күрес бойынша ортақ тәсілдер. Қазір оған киберқауіптер де қосылды. Сондықтан ҰҚШҰ-ның тиімділігі ең алдымен оған мүше мемлекеттердің белсенділігіне байланысты. Ал Қазақстан осы ұйым аясындағы жұмыста бірізділік пен жоғары деңгейдегі қатысуды көрсетіп келеді. Бұл жалпы ұйымның маңызын арттыра түседі.

-  Ұйымның талдамалық әлеуетін күшейту мақсатында Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі ҰҚШҰ Хатшылығы құрылымында Ақпараттық-талдамалық басқарма құру туралы шешім қабылдады. Жаңа бөлімше ҰҚШҰ жауапкершілік аймағындағы жағдайды кешенді мониторингтен өткізіп, болжауымен айналысады. Бұл бастама Ұйым мен оған мүше мемлекеттердің дамуына қандай мүмкіндік береді?

- Ақпараттық-талдамалық басқарманың құрылуы – қазіргі әлемдегі талаптарға толық сай келетін, ұйымның институционалдық тұрғыдан едәуір күшеюіне жол ашатын маңызды қадам. Шын мәнінде, бұл құрылым ұйымның өз ішінде белгілі бір «ой-талқы орталығын» қалыптастырады. Ол бірқатар міндеттерді орындайды: қауіп-қатерлер динамикасын нақты уақыт режимінде бақылау, түрлі дереккөздерден келіп түскен мәліметтерді талдау және салыстыру, бірнеше мемлекет мүше болғандықтан, ақпаратты кешенді өңдеу, сондай-ақ жағдайдың даму сценарийлерін жасап, болжамдар әзірлеу. Мұнымен бірге жоғары саяси басшылыққа нақты жағдайларда қалай әрекет ету керектігі жөнінде ұсынымдар даярланады.

Яғни ҰҚШҰ тек жедел әрекет ету құралына ғана емес, алдын алу тетіктеріне де ие болады. Ал мүше мемлекеттер үшін бұл шешімдердің жылдамырақ және дәлірек қабылданатынын білдіреді. Өйткені қауіптер кәсіби деңгейде бағаланып, сарапшылардың қатысуымен талданады. Нәтижесінде ұйымның да, жалпы аймақтық қауіпсіздік жүйесінің де тұрақтылығы арта түседі.

- Жиын қорытындысы бойынша мемлекет басшылары Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің Декларациясын қабылдады. Барлық мүше мемлекеттердің мүддесі үшін қабылданған бұл құжаттың маңызы неде?

- Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясын қабылдаудың бірнеше маңызды қыры бар. Біріншіден, бұл құжат мүше мемлекеттердің негізгі сын-қатерлерге қатысты ортақ ұстанымын және белсенді көзқарасын растайды. Бұл сыртқы әріптестер үшін де ұйым елдерінің саясатының бірлігін, өзара келісімділігін және болжамдылығын білдіретін айқын сигнал.

Екіншіден, декларация алдағы практикалық қадамдарға құқықтық әрі саяси негіз болады. Яғни үйлестіру іс-қимылдарынан бастап жедел өзара әрекеттесуге дейінгі нақты шараларды жүзеге асыру осы құжатқа сүйенеді.

Үшіншіден, мұндай декларация белгілі бір «күту ауқымын» қалыптастырады. Басқаша айтқанда, ұйымға мүше мемлекеттердің дағдарыс жағдайларында бір-бірін қолдауға дайын екендігін бекітеді. Біз мұны 2022 жылдың басында Қазақстан мысалында анық көрдік. Сондықтан бұл декларация - өңірдегі өзара сенімді нығайтуға және бүкіл ұйымның тұрақтылығын арттыруға қызмет ететін маңызды құжат.

-  Сіз ҰҚШҰ-ның даму перспективаларын қалай бағалар едіңіз? Ұйым одан әрі өсіп, күшейе ме? Бұл бағытта Қазақстан қандай үлес қосып отыр?

- ҰҚШҰ алдағы уақытта құрамды кеңейтуден гөрі, ынтымақтастықты тереңдету арқылы дамитыны анық. Өйткені қазіргі құрам ұйымның мақсаттары үшін жеткілікті әрі оңтайлы. Басты назар мемлекеттердің өзара ықпалдастығын күшейтуге, ұжымдық күштердің заманауи талаптарға сай жаңғыртылуына, оқу-жаттығу базасын кеңейтуге, сондай-ақ талдамалық және үйлестіру тетіктерін нығайтуға аударылады.

Бұл бағытта Қазақстан айтарлықтай маңызды рөл атқара алады. Себебі біздің еліміз шешімдер әзірлеуге қатысып қана қоймай, бітімгершілік саласында да, аналитикалық әлеуетті дамытуда да жаңа тәсілдер ұсынып келеді. Сонымен қатар қазіргі таңда біз технологиялық және инновациялық салаларды белсенді дамытып жатырмыз, бұл да ҰҚШҰ жұмысына жаңа мүмкіндіктер береді.

Сондықтан Қазақстан ҰҚШҰ-ның икемді, заманауи және тез өзгеретін геосаяси жағдайда жұмыс істей алатын ұйым болуын қолдайды.

- Алдағы перспективада ұжымдық қауіпсіздік архитектурасын қандай мәселелер айқындайды? Және оларды шешуде Қазақстан қандай рөл атқарады?

- Алдағы жылдары негізгі орынға бірнеше өзекті қауіп-қатер шығатыны анық. Ең алдымен киберқауіптер мен ақпараттық кеңістікті қорғау мәселесі алдыңғы қатарға шығады. Сонымен бірге терроризммен, радикалданумен және трансшекаралық қылмыстық желілермен күрес тақырыптары өз маңызын жоғалтпайды. Шекара қауіпсіздігі де әрқашан басым бағыт болып қала береді. Бұған қоса, жаңа түрдегі гибридті тәуекелдерге төтеп беру қабілетін арттыру да ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің маңызды міндетіне айналады. Сол сияқты ерте ескерту тетіктерін күшейту де негізгі басымдықтардың бірі болмақ.

Қазақстан бұл бағыттарда белсенді үйлестіруші және бастамашы рөл атқара алады. Біздің еліміз бітімгершілік саласында мықты тәжірибеге ие, оны халықаралық қауымдастық та, түрлі ұйымдар да мойындайды. Сонымен қатар Қазақстанның дипломатиялық мектебі де, стратегиялық талдау қабілеті де жоғары. Бұл бізге делдал, модератор және жаңа ынтымақтастық формаларын дамытуға серпін беретін жетекші тарап болуға мүмкіндік береді.

Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан ұйымға мүше мемлекеттердің ұстанымдарын үйлестіріп, практикалық әрі ең бастысы – саясиландырылмаған шешімдерді алға жылжытуға қабілетті.

- Сіз Президент Тоқаевтың ҰҚШҰ алаңында көтерген ең маңызды бастамаларының қайсысын ерекше атап өтесіз?

- Президентіміз Тоқаев ҰҚШҰ шеңберінде бірқатар маңызды бастамаларды ұсынды. Олардың ішінде ең алдымен аналитикалық құрамдасты күшейту және ұйымдағы болжау жүйесінің сапасын арттыру мәселесін атап өтуге болады. Мемлекет басшысы осыған ерекше назар аударып, қауіп-қатерлерді алдын ала бағалау тетіктерін жетілдірудің маңызын көрсетті.

Екінші маңызды бағыт - ұжымдық күштердің өзара үйлесімділігін және олардың заманауи талаптарға сай техникалық жарақтандырылуын қамтамасыз ету. Президент Тоқаев қазіргі технологиялар қарқынды дамыған жағдайда әскери құрамалардың да сәйкес деңгейде жаңғыртылуы қажет екенін атап өтті.

Сонымен бірге Қазақстан өзінің БҰҰ бітімгершілік миссияларындағы тәжірибесіне сүйене отырып, бітімгершілік бағытты дамытуға тұрақты түрде назар аударады.

Оған қоса, Президент жедел әрекет ету тетіктерін күшейту, оның ішінде гуманитарлық және шекаралық дағдарыстарға дер кезінде жауап беру механизмдерін жетілдіру қажеттігін де көтерді.

Жалпы алғанда, Мемлекет басшысы ҰҚШҰ-ны заман талаптарына сай икемді, кәсіби және қазіргі қауіп-қатерлерге бейімделе алатын құрылымға айналдыру бағытын ұсынды.

- ҰҚШҰ елдері өздерінің бітімгершілік контингенттерінің дайындығы мен кәсіби деңгейін арттыруды жалғастырып келеді. Бұл күш-жігердің өңірлік қауіпсіздікті нығайтудағы маңызы қандай? Осы бағыттағы Қазақстанның қызметін қалай бағалайсыз?

- Бітімгершілерді даярлау - формальді процесс емес, бұл қауіпсіздіктің аса маңызды құрамдас бөліктерінің бірі. Бітімгершілік контингенттер — ҰҚШҰ елдеріне халықаралық миссияларға қатысуға мүмкіндік беретін құрал. Бұл өз кезегінде шиеленісті төмендетуге, өңірдегі сенімді арттыруға ықпал етеді.

Қазақстан бұл бағытта ең тәжірибелі қатысушылардың бірі саналады. Ресейдің қазіргі халықаралық жағдайын есепке алмай отырғанымызды ескерсек, Қазақстанның рөлі тіпті айқын көрінеді. Біздің ел БҰҰ миссияларына қатысу арқылы елеулі бітімгершілік тәжірибе жинақтады, әлемнің әртүрлі нүктелерінде қызмет етті. Қазақстанда бітімгершілерді дайындайтын арнайы оқу орталығы бар, онда тұрақты жаттығулар өткізіледі. Сонымен бірге біз ҰҚШҰ-ға мүше әріптестерімізбен өз тәжірибемізбен бөлісуге қабілеттіміз.

Бұл Қазақстанды бейбітшілікті сөз жүзінде емес, іс жүзінде қамтамасыз етуге бағытталған мемлекет ретінде көрсетеді және өңірдегі беделін күшейтеді.

-  Халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастық Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы серіктестікке қалай әсер етеді? Бүгінгі өзара іс-қимылды қалай бағалайсыз? Қай салаларда күш біріктіру тиімді нәтиже бере алады деп ойлайсыз?

- Әрине, халықаралық ұйымдар шеңберіндегі ынтымақтастық біздің екі елдің қарым-қатынасына оң ықпал етеді. ҰҚШҰ, ШЫҰ, ТМД сияқты алаңдар Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сенімді нығайтып, тұрақты коммуникация арналарының қалыптасуына жол ашады. Бұл екі мемлекетке өз ұстанымдарын үйлестіруге, қауіптер жөнінде ақпарат алмасуға, бірлескен оқу-жаттығулар өткізуге мүмкіндік береді. Мұның барлығы түсінбеушіліктердің алдын алып, өңірдің жалпы тұрақтылығын арттырады.

Екіжақты өзара іс-қимылдағы ең тиімді бағыттар ретінде мыналарды атап өтуге болады:

  • шекара қауіпсіздігі, әсіресе оңтүстік бағыт, өйткені Ауғанстан жақтан туындайтын қатерлер әлі де ықтимал;
  • экстремизммен және терроризммен күресте үйлестірілген әрекеттер;
  • есірткі саудасына, заңсыз көші-қонға, трансшекаралық қылмысқа қарсы бірлескен шаралар;
  • жедел әрекет ету күштерін даярлаудағы ынтымақтастық;
  • талдамалық ақпаратпен және барлау деректерімен алмасу;
  • экология және су ресурстары бойынша бірлескен жобалар.

Қорытындылай келе, қазіргі  таңда Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы өзара іс-қимыл тұрақты, конструктивті және алдағы уақытта одан әрі кеңеюі мүмкін.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →