×

Мәжіліс депутаты Қазақстандағы ең үздік үш әкімді атады

Мәжіліс депутаты Қазақстандағы ең үздік үш әкімді атады
Коллаж Qaz365.kz

Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза қазіргі таңда өңірлерді басқаруда ең нәтижелі жұмыс істеп жүрген үш әкімді атады. Оның айтуынша, көш басында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Абай облысының әкімі Берік Уәли және Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тұр, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Депутаттың сөзінше, бұл таңдауы нақты көрсеткіштер мен өңірлердегі көзге көрініп тұрған нәтижелерге негізделген.

– Меніңше, бүгінгі күнгі үздік үш әкім – Жеңіс Қасымбек, Берік Уәли және Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев. Қазіргі уақытта ең белсенді жұмыс істеп жатқан әкімдер осы үшеуі деп санаймын, – деді Самат Нұртаза.

Ол Қызылорда облысына екі рет барғанын айтып, аймақтағы жүйелі жұмысты ерекше атап өтті. Депутаттың айтуынша, жаңа әуежайдан бастап көшелердің тазалығы мен жол сапасына дейінгі өзгерістер өңір басшылығының нақты жұмыс істеп жатқанын көрсетеді.

Абай облысының әкімі Берік Уәлиге қатысты Самат Нұртаза оның инвестиция тартудағы белсенділігін және халықпен тікелей жұмыс істеуін жоғары бағалады. Оның айтуынша, өңір басшысы ең шалғай ауылдарға дейін өзі барып, тұрғындардың мәселесін жеке тыңдайды. Бұл, депутаттың пікірінше, Берік Уәлидің қарапайым халықтың өмірін жақсы түсінуімен байланысты.

Ал Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің жұмысына баға бергенде депутат күнделікті өмірдегі өзгерістерге назар аударғанын айтты. Ол елордадағы көшелердің тазалығы, қардың уақытылы тазалануы, жарықтандыру мен коммуналдық қызметтердің тұрақты жұмысын мысалға келтірді.

– Әкімдердің жұмысы, ең алдымен, қарапайым тұрғын үшін оның өмір сүріп жатқан қаласы мен өңірінің тазалығынан, жайлылығынан байқалады. Бұл тұрғыда Астана үлгі бола алады, – деді Самат Нұртаза.

Депутаттың айтуынша, әкімдердің тиімді жұмысы халықтың күнделікті тұрмысынан айқын сезілуі тиіс.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →