×

Лавров Украинаның Путин резиденциясына дрондармен шабуыл жасағанын айтты

Лавров Украинаның Путин резиденциясына дрондармен шабуыл жасағанын айтты
Проект

Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров украиналық дрондар Ресей президенті Владимир Путиннің Новгород облысындағы резиденциясына шабуыл жасады деп мәлімдеді. Оның айтуынша, 29 желтоқсанға қараған түні әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері Украина Қарулы күштеріне тиесілі 91 ұшқышсыз ұшу аппаратын жойған, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі BBC-ге сілтеме жасап.

Алайда Ресейдің Қорғаныс министрлігі президент резиденциясына дрондар шабуылы жасалғаны туралы ресми ақпарат таратқан жоқ. Қираған нысандар немесе зардап шеккендер жөнінде де мәлімет берілмеді.

Сергей Лавровтың сөзінше, аталған оқиғадан кейін Мәскеу келіссөз ұстанымын қайта қарайды, бірақ келіссөз процесінен шықпайды. Сонымен қатар Ресей жауап соққысын жасауды жоспарлап отыр. Министрдің айтуынша, жауап соққысының нысандары мен уақыты алдын ала анықталған.

Ал Украина президенті Владимир Зеленский Лавровтың мәлімдемесін жалған деп атады. Ол Ресей Киевке соққы жасау үшін сылтау іздеп отырған болуы мүмкін деген пікір білдірді.

Зеленскийдің сөзінше, Ресей Украина мен АҚШ арасындағы соңғы байланыстарға алаңдаулы, себебі бұл Мәскеудің соғысты жалғастыруға деген ұстанымына қайшы келеді. Оның айтуынша, Ресей жаңа соққыларды ақтау үшін себеп іздеуде.

АҚШ президенті Дональд Трамп та бұл мәселеге пікір білдірді. Ол Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескенін айтып, Ресей президенті өз резиденциясына жасалған болжамды шабуыл туралы хабарлағанын жеткізді. Трамп бұл жағдайды «жақсы емес» деп бағалады.

Сонымен бірге АҚШ президенті шабуыл туралы ақпараттың шындыққа жанаспауы мүмкін екенін де жоққа шығармады. Оның айтуынша, бұл мәліметті Путиннің өзінен естіген, алайда оқиғаның егжей-тегжейін білмейтінін атап өтті.

Қазіргі уақытта тараптардың мәлімдемелері бір-біріне қайшы келіп отыр, ал тәуелсіз дереккөздер тарапынан резиденцияға шабуыл жасалғанын растайтын ақпарат жарияланған жоқ.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →