Армениядағы елші Владимир Соловьёвтің сөзінен кейін Сыртқы істер министрлігіне шақырылды
Дүйсенбі күні Ресейдің Армениядағы елшісі Сергей Копыркин Арменияның Сыртқы істер министрлігіне шақырылды. Оған Ресейдің мемлекеттік телеарнасында эфирге шыққан бағдарламада айтылған мәлімдемелерге байланысты «қатаң наразылық» танытқан нота берілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Азаттық радиосының армян қызметі «Азатутюн» радиосы жариялаған ақпаратқа қарасақ, эфирде айтылған сөздер «Армения Республикасының егемендігіне қол сұғу» болып саналады және «Армения мен Ресей арасындағы достық қатынастардың негізгі қағидаттарын өрескел бұзу» деп бағаланған.
Әңгіме Кремльге жақын, атышулы ресейлік тележүргізуші, Владимир Соловьёвтің «Соловьев Live» атты авторлық бағдарламасы туралы болып отыр. Бағдарламаның соңғы шығарылымында ол Украинадағы соғыс үлгісімен басқа елдерде, соның ішінде Арменияда да «арнайы әскери операция» жүргізу мүмкіндігін қолдайтынын айтқан. Ресейде Украинаға қарсы соғыс ресми түрде «арнайы әскери операция» деп аталады.
Соловьёвтің пікірінше, Ресей АҚШ-тың Венесуэлада жасаған әрекеттерінен үлгі алуы керек.
Ол АҚШ халықаралық құқықты елемей, Николас Мадуроны күшпен биліктен тайдыруға тырысты деп мәлімдеді. Сондай-ақ, оның айтуынша, Ресей үшін Армения мен Орталық Азия елдерін «жоғалту» Венесуэладан айырылғаннан әлдеқайда ауыр болмақ.
«Халықаралық құқықты да, халықаралық тәртіпті де елемеуге болады. Егер ұлттық қауіпсіздігіміз үшін Украинада арнайы әскери операция бастау қажет болса, дәл осы логикамен ықпал аймағымыздағы басқа өңірлерде де мұндай қадамға неге бармасқа?» – деді Соловьёв эфир барысында.
Бұл – Соловьёвтің Ресейге көршілес немесе ТМД құрамындағы елдерге, соның ішінде Арменияға бағыттап қоқан-лоққы жасаған алғашқы мәлімдемесі емес. 2024 жылдың наурыз айында Арменияда оның авторлық бағдарламалары «РТР-Планета» телеарнасының мультиплексінен «үнемі заңбұзушылықтарға жол бергені үшін» бұғатталған болатын.
Ал 2025 жылдың желтоқсанында Мәскеу соты жеті адамды 12 жыл түрме жазасынан бастап өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі мерзімдерге соттады. Олар террористік ұйымға қатысу, әскери комиссариаттарды және Z белгісі бар көліктерді өртеу, сондай-ақ Владимир Соловьёвке қастандық дайындау ісі бойынша айыпталған. Тергеу дерегінше, топ мүшелері оның көлігіне жарылғыш зат орнатып, оны жарып жіберуді жоспарлаған.