Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Украинаның ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы Каспий құбыр консорциумы инфрақұрылымына жасалған шабуылдарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Депутаттың айтуынша, консорциум акционерлерінің бірі ретінде Ресей КҚК нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге белсендірек қатысуы тиіс.
«Ресей де акционер. Сондықтан қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін көбірек әрекет етуі керек. Бұл – бірінші мәселе», – деді Айдос Сарым Мәжіліс кулуарында.
Сонымен қатар ол КҚК акционерлері қатарында батыстық ірі компаниялар бар екенін еске салды. Атап айтқанда, Chevron компаниясын мысалға келтірген депутат Украина АҚШ-тың қолдауына айтарлықтай тәуелді екенін атап өтті. Осыған байланысты Вашингтон мен Қазақстанның басқа да серіктестері жағдайға ықпал ете алады деген пікір білдірді.
«Украинаның АҚШ қолдауына қатты тәуелді екенін білеміз. Chevron – әлемдегі кез келген компанияның бірі емес. Меніңше, АҚШ пен өзге серіктестеріміз Украинаға қысым жасап, мақсаттарын қайта қарауына ықпал етуі керек», – деді депутат.
Айдос Сарымның пікірінше, акционерлер мен халықаралық серіктестердің үйлесімді әрекеті КҚК үшін тәуекелдерді азайтып, Қазақстанның энергетикалық мүддесін қорғауға мүмкіндік береді.
Еске салайық, 13 қаңтарда ҚазМұнайГаз компаниясының еншілес құрылымы жалдаған, Мальта туы астында жүрген Matilda танкеріне ұшқышсыз ұшу аппараты арқылы шабуыл жасалған. Кеме бортында жарылыс тіркелгенімен, өрт шықпаған. Зардап шеккендер жоқ, танкердің теңізде жүзу қабілеті сақталған.
Сондай-ақ Либерия туы астындағы Delta Harmony танкері де БПЛА шабуылына ұшырады. Оқиға салдарынан өрт шыққанымен, ол жедел сөндірілді. Оперативтік штаб мәліметінше, шабуыл кезінде танкерге мұнай тиелмеген, жүк цистерналары бос болған. Қазақстанның экспорттық ресурстарына залал келмеген.