×

Қазақстанның мұнай танкерлеріне шабуылдар: СІМ мәлімдеме жасады

Қазақстанның мұнай танкерлеріне шабуылдар: СІМ мәлімдеме жасады
inbusiness.kz

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Қара теңізде мұнай танкерлеріне байланысты болған оқиғаларға қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ведомствоның ресми өкілі Ерлан Жетібаевтің мәлімдеуінше, 13 қаңтар күні Қара теңіз айдынында Каспий құбыр консорциумы теңіз терминалына бағыт алған үш танкер ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына ұшыраған.

Осы оқиғаларға байланысты Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі еуропалық бірқатар мемлекеттің елшілерімен шұғыл кездесулер өткізген. Сонымен қатар америкалық тараппен және өзге де шетелдік серіктестермен байланыс барысында халықаралық құқық талаптарын қатаң сақтау, сондай-ақ көмірсутегін тасымалдау, соның ішінде теңіз жолдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланған.

Министрлік Қазақстанның ешбір қарулы қақтығысқа қатысы жоқ екенін және жаһандық әрі еуропалық энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға тұрақты түрде үлес қосып келе жатқанын атап өтті. Ведомство дерегінше, энергия ресурстарын жеткізу халықаралық нормаларға толық сай жүзеге асырылып отыр. Осы тұрғыда аталған танкерлердің барлық қажетті рұқсаттары болғаны және тиісті сәйкестендіру құралдарымен жабдықталғаны көрсетілді.

Сыртқы істер министрлігі соңғы кездері мұндай оқиғалардың жиілеуі халықаралық энергетикалық инфрақұрылымның қалыпты жұмысына төнетін қатерлердің күшейгенін аңғартатынын мәлімдеді. Осыған байланысты Қазақстан серіктес елдерді алдағы уақытта осындай жағдайлардың алдын алу үшін бірлескен шаралар әзірлеуге және тығыз ынтымақтастық орнатуға шақырды.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →