Венесуэла оппозициясының жетекшісі Мария Корина Мачадо АҚШ президенті Дональд Трамппен алғашқы жеке жүздесуінде оған Нобель бейбітшілік сыйлығының медалін тапсырды. Бұл жөнінде Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Америкалық көшбасшы жазбасында Мария Корина Мачадоны «ерекше тұлға» деп атап, кездесуді өзі үшін «үлкен құрмет» ретінде бағалаған. Оның айтуынша, венесуэлалық саясаткер оған атқарған қызметі үшін Нобель бейбітшілік сыйлығының медалін сыйға тартқан. Дегенмен Трамп марапатты ресми түрде қабылдаған-қабылдамағанын нақтылап өтпеген.
Мария Корина Мачадо бұл кездесуді венесуэлалықтар үшін маңызды әрі тарихи күн деп атады. Ол Дональд Трамптың елдегі саяси тұтқындарды босату мәселесіне және Венесуэла азаматтарының құқықтарын қорғауға бейілді екенін, сондай-ақ мемлекеттің АҚШ үшін әлеуетті серіктес бола алатынын түсінетінін жеткізді.
Бұған дейін АҚШ арнайы күштерінің Каракаста Венесуэла президенті Николас Мадуроны ұстауынан кейін Дональд Трамп Мария Корина Мачадоны елдің жаңа басшысы ретінде қолдаудан бас тартқан болатын. Соған қарамастан, Мачадо басшылық ететін қозғалыс 2024 жылғы сайлауда жеңіске жеткенін жариялаған.
Қазіргі кезде Дональд Трамп Венесуэлада уақытша мемлекет басшысы міндетін атқарушы ретінде Делси Родригеспен қарым-қатынас орнатқан. Ол бұған дейін Венесуэлада вице-президент қызметін атқарған.
Айта кетейік, Дональд Трамп бұған дейін де Нобель бейбітшілік сыйлығын алуға ниетті екенін бірнеше рет мәлімдеген.