×

Түркиядағы президент сайлауы - Ердоғанның қарсыластары кімдер

Қазір 4 үміткердің есімі белгілі

Түркиядағы президент сайлауы - Ердоғанның қарсыластары кімдер
inbusiness.kz

Түркиядағы президент сайлауына бір жарым ай қалды. Кеше үгіт-насихат жұмыстары басталды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазір 4 үміткердің есімі белгілі. Олардың арасында ең жасы 55-те. Ердоғаннан басқа үш кандидат жайлы не білеміз? Үміткерлерге қатысты тың деректермен сайттың Анкарадағы тілшісі бөлісті. 
 
Түркия халқы 14 мамырда өз таңдауын жасайды. Бүгінде сайлауға қатысатын кандидаттардың есімі белгілі болды. Тізімде Кемал Кылычдароглу, Мухаррем Инже, Режеп Тайып Ердоған және Синан Оған бар.

Түркияның жоғары сайлау комиссиясы белгілеген ережеге сәйкес сайлаушылар тарапынан үміткер болу үшін кемінде 100 мың қол жинау қажет. Осы межеге жеткен "Memleket" партиясының төрағасы Мухаррем Инже мен "ATA" альянсынан Синан Оған үміткер ретінде тіркелді. Ал Ердоған мен Кылычдароғлуны парламенттік фракциялар ұсынғандықтан олар бұл тізімге енбеді. 
 
Жергілікті БАҚ-тың жазуынша Түркия президенті әрі "AK" партияның төрағасы Режеп Тайып Ердоған Республика альянсының кандидаты ретінде екінші, ал жалпы алғанда үшінші рет президенттікке үміткер болып отыр. 4 партия Ердоғанның кандидатурасын қолдайтындарын мәлімдеді. Ол 2014 жылғы президенттік сайлауда 51,79%, ал 2018 жылғы сайлауда 52,59% дауыс алған. Түркияның 12-ші президенті осы сайлауда да жеңіске жететініне кәміл сенімді. Жергілікті БАҚ-қа берген сұхбаттарында "14 мамыр дастанын Республика альянсы ретінде бірге жазамыз" деп айтудан жалыққан емес.
 
6 оппозициялық партиядан құралған Ұлт альянсы атынан президенттікке Кемал Кылычдароғлуның кандидатурасы ұсынылды. Республикалық халық партиясының төрағасы алғаш рет президенттікке үміткер. Ердоғанның басты қарсыласы да осы Кылычдароғлу. Оны қолдайтын партиялар саны - 9. 

Сайлау күні жарияланып, кандидаттар нақтыланғаннан кейін сауалнамалар жүргізіле бастады. mynet.com сайтында соңғы сайлау сауалнамасының қорытындысы жарияланды.

Aksoy зерттеулері жүргізген сауалнамаға сәйкес, Кылычдароғлу 55,6%, ал Ердоған 44,4% дауыс жинаған. Осылайша, алдын ала жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша Кемал Кылычдароғлу Режеп Тайып Ердоғаннан басым түсті.  

75 жастағы кандидат президент сайлауында жеңіске жетсе басқару парламенттік жүйеге көшетінін мәлімдеген болатын. Ол әр жылдары Түркияның қаржы министрлігінде, кірістер басқармасында, еңбек және әлеуметтік қауіпсіздік министрлігінде қызметтер атқарған. Сонымен қатар университетте сабақ берген. Әрі депутат болған. Айта кетейік, республикалық халық партиясының негізін Мұстафа Кемал Ататүрік қалаған.

Ал президент сайлауына үшінші үміткер 58 жастағы Мухаррем Инже. Ол республикалық халық партиясы атынан 2018 жылы президенттікке кандидат  болған. Уақыт өте келе аталмыш партиядан кетіп, "Memleket" партиясын құрды. Ол 105 мыңнан астам дауыс жинады. Алайда оған әзірге "Memleket" партиясынан басқасы қолдау білдірмеді. 

Мухаррем Инже президенттікке үміткер ретінде өз кандидатурасын ұсынғаннан кейін жергілікті БАҚ-та "ол қайтадан бас тартуы мүмкін" деген сарындағы пікірлер шықты. Осы орайда Түркия президенттігіне үміткер Кемал Кылычдароғлу мен Мухаррем Инже кездесті. Кездесу соңында журналистердің "Президенттікке үміткерліктен бас тартасыз ба?" деген саулына Инже: "Жоқ" деп жауап берді. 

Төртінші үміткердің аты-жөні - Синан Оған. Интернеттегі мәліметке сәйкес, Әзірбайжан отбасында дүниеге келген. Ыстанбұл және Мәскеу қалаларында білім алған. Түрік тілінен басқа орыс және ағылшын тілдерін біледі. 55 жастағы Синан 2011-2015 жылдар аралығында Түркия Ұлы Ұлттық жиналысының мүшесі болған. Қазір 3 партия оны қолдайтындарын мәлімдеді. Айтпақшы, төрт кандидаттың арасында ең жасы да осы Синан Оған.

Сонымен қатар жоғары сайлау комитетінің шешімі бойынша үгіт-насихат жұмыстары 31 наурызда басталып, 13 мамырда кешкі сағат алтыда аяқталады. Егер президенттік сайлаудың бірінші кезеңінде жеткілікті дауыс жиналмаған жағдайда сайлау екінші турға қалады. Екінші кезеңнің үгіт-насихат жұмыстары 15-27 мамыр аралығында жүргізіледі.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →