Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Светлана Жақыпованы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметінен босату туралы жарлыққа қол қойды. Бұл жөнінде Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ресми ақпаратқа сәйкес, Мемлекет басшысының шешімімен Жақыпова Светлана Қабыкенқызы аталған ведомство басшысы қызметінен босатылған.
Светлана Жақыпова министрлік тізгінін 2023 жылғы қыркүйектен бастап ұстады. Бұған дейін ол Президент жанындағы әлеуметтік осал топтардың құқықтары жөніндегі уәкіл болды, сондай-ақ 2017–2019 жылдары еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі қызметін атқарған.
Әр жылдары Жақыпова денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары, сондай-ақ «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның жобалық кеңсесінде бағдарламалар жетекшісі ретінде еңбек еткен.