Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Исламабадқа мемлекеттік сапары Қазақстанның Оңтүстік Азия бағытындағы геосаяси және экономикалық стратегиясының жаңа кезеңін айқындады. Бұл сапар — екі ел арасындағы ұзақ уақыт толық ашылмаған ынтымақтастықтың әлеуетін нақты жобалармен толықтыруға жасалған қадам. Орталық Азия мен Оңтүстік Азияны жалғайтын жаңа коммуникациялық дәліздер, өңірлік қауіпсіздік мәселелері, әскери-техникалық ықпалдастық, логистика және білім саласындағы әріптестік – осының бәрі «Астана–Исламабад» диалогының жаңа мазмұнмен толығып келе жатқанын көрсетеді. Саясаттанушы Расул Қоспанов Қазақстан–Пәкістан байланыстарының стратегиялық маңызын және Президент Тоқаев сапарының өңірлік деңгейдегі салмағын талдайды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Исламабадқа мемлекеттік сапар жасады. Дипломатияда бұл – елдер арасындағы ең жоғары деңгейдегі құрмет пен сенімнің белгісі. Исламабад бұл сапардың маңызын қалай бағалайды? Президент Тоқаев пен Премьер-министр Шахбаз Шариф екіжақты қатынастар тарихында жаңа кезең бастады деп айта аламыз ба?
– Мен Президент Тоқаевтың Пәкістанға мемлекеттік сапарын Астана мен Исламабадтың екіжақты қатынастарды белсенді түрде жандандыруға деген ортақ ниеті ретінде бағалаймын. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан мен Пәкістан арасында сауда болғанымен, ол өз әлеуетіне сай деңгейде дамымады. Біз бір-бірімізге алыс нарық ретінде қарайтынбыз және өзара сыртқы саясат басымдықтарымыздың шетінде тұрғандай едік. Алайда бүгінде жағдай өзгеріп келеді, байланыстар күшейіп жатыр. Пәкістан біз үшін ең алдымен алып нарық ретінде қызықты. Бұл елде 250 миллионнан астам халық тұрады – әлем бойынша бесінші ел. Пәкістан, Үндістанмен қатар, Оңтүстік Азиядағы маңызды ойыншы. Энергетикалық ресурстар мен азық-түлік – әсіресе астық және ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттайтын Қазақстан үшін пәкістандық нарық аса тартымды. Бұл орасан зор халықты азық-түлікпен, сондай-ақ көлік үшін жанармай да қажет. Яғни бұл – әлеуеті зор, бірақ қазақстандық компаниялар әлі толық зерттей қоймаған нарық. Пәкістан үшін Қазақстан – Орталық Азияның негізгі елі. Соңғы жылдары Пәкістан ЕАЭО елдерімен белсенді байланыс орнатуда. Қазақстан, өз кезегінде, пәкістандық кәсіпорындарды локализациялауға және олардың ЕАЭО мен Орталық Азия нарығына шығуына қолайлы юрисдикция болып табылады.
Пәкістанның премьер-министрі Шахбаз Шариф — ықпалды әулеттен шыққан, саяси сахнада күрделі әрі мазмұнды жолдан өткен танымал мемлекет қайраткері екенін атап өткен жөн. Ол көпвекторлы саясатты ұстанатын көшбасшы ретінде белгілі, бұл ұстаным Қазақстан тарапынан да қолдау табады. Шахбаз Шариф Қытаймен, Америка Құрама Штаттарымен, Еуропалық одақ елдерімен және Түркиямен белсенді түрде өзара іс-қимыл жүргізіп келеді, әрі мұндай ынтымақтастық Қазақстан үшін де сөзсіз қызығушылық тудырады.
– Қазақстан мен Пәкістан өз өңірлерінде негізгі ойыншылар. Екі ел ШОС пен ИКҰ алаңдарында тығыз жұмыс істейді. Ауғанстандағы күрделі жағдайды ескере отырып, аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қалай бірлесіп үлес қоса алады? «Астана–Исламабад» саяси диалогын күшейту перспективасы бар ма?
– Көпвекторлы саясатты ұстанушы мемлекет ретінде Пәкістан жалпы ислам әлеміндегі маңызды ойыншы саналады. Елдің Палестинадағы қақтығысқа, Қарабақтағы жағдайға және өзге де «ыстық нүктелерге» қатысты өзіндік ұстанымы бар. Халық санының көптігі, сондай-ақ елеулі экономикалық және әскери ресурстар Пәкістанға белсенді сыртқы саясат жүргізуге мүмкіндік береді. Пәкістанның ядролық держава екенін және айтарлықтай қуатты армиясы бар екенін де ұмытпау керек. Үндістанмен көпжылдық текетірес елдің әскери-өнеркәсіптік кешенін үнемі жоғары дайындықта ұстап отыр. Жуырда, қателеспесем, өткен жылы Пәкістан өз тарихындағы ең ірі келісімшартты – Әзербайжанға жойғыш ұшақтар жеткізу туралы келісімді жасасты. Бұл келісім шамамен 4 миллиард АҚШ долларына бағаланады. Мұның өзі Пәкістанды салмақты әскери держава ретінде сипаттайды. Геосаяси тұрақсыздық жағдайында Қарулы күштерін нығайтуға мүдделі Қазақстан үшін Пәкістанмен әскери ынтымақтастық та қызықты бағыт болуы мүмкін деп ойлаймын. Пәкістан да, Қазақстан да Шанхай ынтымақтастық ұйымының мүшелері, және осы форматтағы өзара іс-қимылдың маңызы зор. Әсіресе екі өңірдің ортасында Ауғанстан орналасқанын ескерсек, бұл ел аймақтағы тұрақсыздықтың, есірткі трафигі мен терроризмнің негізгі көзі болып отыр. Арнайы қызметтер мен құқық қорғау органдары арасындағы бірлескен жұмыс, менің ойымша, екі тарапқа да пайдалы болмақ. Өткен жылы Қазақстанда тарихтағы ең ірі есірткі партиясы тәркіленгенін білеміз. Өкінішке қарай, бұл проблема біздің елді де айналып өтпейді. Осы тұрғыда Исламабадпен ынтымақтастық айрықша маңызды, себебі Пәкістан да бұл қатерге өте байыппен қарайды.
– Теңізге тікелей шығатын жолы жоқ Қазақстан үшін Пәкістан – Дүниежүзілік мұхитқа ашылатын стратегиялық көпір. Президент Тоқаев көлік бағыттарын әртараптандыруды міндет етіп қойды. Қазақстандық жүктердің Карачи немесе Гвадар порттарына шығуы үшін қандай нақты қадамдар жасалып жатыр? Біздің теміржол жүйелерімізді байланыстыратын Трансафган дәлізінің қазіргі жағдайы қандай?
– Өңірлеріміздің логистикалық байланысын дамытудағы басты кедергі – арада Ауғанстанның орналасуы. Бұл ел 1979 жылдан бері тұрақсыздықта өмір сүріп келеді. Алайда «Талибан» билікке келгеннен кейін белгілі бір деңгейде тұрақтану байқалады. Осы кезеңде Қазақстан Трансауған теміржолын салу туралы бастама көтерді.
Жобаның мәні мынада: Маңғыстау облысынан басталып, теміржол Түрікменстан аумағы арқылы өтеді. Түрікменстаннан теміржол желісі Ауғанстанның маңызды мәдени орталығы әрі экономикалық торабы саналатын Герат қаласына жетеді. Батыс Ауғанстанда инфрақұрылым қалыптастыра отырып, Қазақстан шығыс бағытта кезең-кезеңімен ілгерілеп, Пәкістанға дейін жетуді көздейді. Бағыт Герат – Қандағар – Спин-Булдак қаласы арқылы өтіп, ауған-пәкістан шекарасына тіреледі. Осылайша қазақстандық тауарларды Пәкістанға тікелей жеткізу мүмкіндігі пайда болады. Әрине, бұл жобаның жүзеге асуы аса маңызды болар еді. Алайда тәуекелдер де бар: өткен жылы Пәкістан мен Ауғанстан арасында шекаралық қақтығыс болғанын білеміз, екі елдің өзара қайшылықтары да жоқ емес. Осы орайда Қазақстан мұндай даулардың бейбіт жолмен шешілуіне мүдделі. Сонымен қатар Қазақстан Пәкістан порттарының бірінде жүк терминалын салуды жоспарлап отырғаны туралы ақпарат та маңызды. Бұл біздің өңірлерді теңіз бағыты арқылы да байланыстыруға мүмкіндік береді. Батыс БАҚ деректеріне сүйенсек, Қазақстан инфрақұрылымы жақсы дамыған, Пәкістандағы ең ірі порт – Карачи портында терминал салуды қолдайды. Ал пәкістандық тарап Гвадар портын ұсынуда. Бұл мәселе бойынша әзірге түпкілікті шешім қабылданған жоқ, сондықтан жағдайдың әрі қарай қалай өрбитінін бақылау қажет.
Қалай болғанда да, Қазақстан транзиттік хаб қалыптастыра отырып, тек өз мүддесін ғана емес, Орталық Азиядағы өзге мемлекеттердің де мүддесін ескеріп отыр. Өңір көшбасшысы ретінде Қазақстан бұл бастаманы өз мойнына алып, тек өз позициясын нығайтуды емес, сонымен қатар бауырлас орталықазиялық елдердің жүктерін Пәкістан порттарына шығару мүмкіндігін қамтамасыз етуді көздейді. Бұл не үшін қажет? Біріншіден, Пәкістан арқылы шығу Оңтүстік Азия нарығына жол ашады: Пәкістанда – 250 миллионнан астам адам, Үндістанда – шамамен 1,5 миллиард, Бангладеш те халқы көп мемлекет. Бұл – іс жүзінде шексіз нарық, ол біздің өніміміздің қомақты көлемін сіңіре алады. Сонымен қатар болашақта қазақстандық өнімдер Африка мен әлемнің басқа да өңірлерінің нарықтарына шығуға мүмкіндік алады. Сондықтан бұл жобаны стратегиялық маңызы бар бастама деп санаймын.
– Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ-пәкістан бизнес-форумына жеке қатысуы күтілуде. Бұл инвесторлар үшін өте маңызды белгі. Пәкістан қазақстандық бизнес үшін экономиканың қай салаларын тартымды деп санайды? Ал пәкістандық компаниялар бізге не ұсына алады (тоқыма, фармацевтика, ауыл шаруашылығы)? Ірі коммерциялық келісімшарттарға қол қойылады деп күтуге бола ма?
– Әрине, қазіргі тауар айналымының деңгейі екі елдің шынайы әлеуетін толық көрсетпейді. Өткен жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстан мен Пәкістан арасындағы сауда көлемі 95,8 миллион АҚШ долларын құрады. Мұндай ауқымдағы экономикалар үшін бұл, сөзсіз, өте төмен көрсеткіш. Дегенмен Қазақстан экспортының айтарлықтай өсіп келе жатқаны қуантады: соңғы бір жылда қазақстандық экспорт Пәкістанға алты есе артты. Экспорттың шамамен 94 пайызы шикі мұнайға тиесілі. Сонымен қатар зығыр, тары, тіпті бұршақ сияқты өнімдердің де шағын көлемде жеткізілімі бар. Өз кезегінде Пәкістан Қазақстанға фармацевтикалық өнімдер, киім-кешек, аяқкиім және гигиеналық тауарлар экспорттайды. Сауда балансының Қазақстан пайдасына қалыптасуы – жағымды жайт. Алайда елімізге тауар себетін кеңейтіп, сауда құрылымындағы мұнай үлесін азайту қажет. Бұл мұнай экспортын қысқарту есебінен емес, басқа да мол көлемде бар өнімдерімізді арттыру арқылы жүзеге асуы тиіс. Астық, ұн, сирек кездесетін металдар пәкістандық компаниялар үшін қызықты болуы әбден мүмкін.
Сонымен бірге ынтымақтастықты тежейтін басқа да факторлар бар. Ауғанстандағы күрделі жағдайдан бөлек, банк аударымдарына қатысты қиындықтар сақталуда, сондай-ақ бір-біріміз туралы ақпараттың жеткіліксіздігі байқалады. Бұған дейін де айтқанымдай, ұзақ уақыт бойы екі ел бір-біріне тиісті деңгейде көңіл бөлмей келді. Оңтүстік Азия елдерімен өзара іс-қимыл Қазақстанның сыртқы саяси мүдделерінің шеткері бағыты болып келді. Алайда 2022 жылдан кейін, Украинадағы соғыс басталған соң, Қазақстан экономикасын және көлік бағыттарын әртараптандыруға шындап кірісті. Осы үлкен мозаикада Оңтүстік Азия бағыты барған сайын маңызды рөл атқара бастады.
Менің ойымша, ТАПИ жобасында зор әлеует бар. Былтыр Президент Тоқаевтың Ашхабадқа сапары кезінде энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстанның осы жобаға қатысуға ниетті екенін мәлімдеді. Әңгіме шамамен 30 пайыздық үлесті сатып алу туралы болып отыр. ТАПИ – Түрікменстан газын Оңтүстік Азияға тасымалдау жобасы. Түрікменстан аумағында әлемдегі ең ірі газ кен орындарының бірі – Галкыныш орналасқан, ол бүкіл Оңтүстік Азияны газбен қамтамасыз етуге қауқарлы. Жобаның атауы газ құбыры өтетін елдердің алғашқы әріптерінен құралған: Түрікменстан, Ауғанстан, Пәкістан және Үндістан. Егер жоба жүзеге асып, Қазақстан оған нақты қатысса, бұл ел бюджетіне айтарлықтай табыс әкелетін үлкен мүмкіндік болар еді. Жалпы алғанда, бұл схема барлық тарап үшін ұтымды. Алайда бұрынғыдай, басты шарт – Ауғанстандағы тұрақтылық.
– Біздің халықтарды ортақ тарих пен дін байланыстырады. Пәкістандықтар Далалы өркениеттің мұрасын құрметтейді, ал қазақстандықтар Пәкістан мәдениетін жаңа қырынан танып келеді. Тікелей әуе қатынасын және туристік алмасуды дамыту жоспары бар ма? Әрбір қазақстандық заманауи Пәкістан туралы нені білуі тиіс?
– Қазақстан мен Оңтүстік Азия халықтарының тарихи байланыстары терең. Ең алдымен, Орта ғасырларда қазіргі Үндістан мен Пәкістан аумағында Ұлы Моғолдар империясы болғанын еске алу қажет. Бұл империя ұзақ ғасырлар бойы кең аумақты билеп, оның билеушілері түркі текті, Орталық Азиядан шыққан әулеттер болғанын атап өткен маңызды. Дәл солар Тәж-Махал, Хумаюн кесенесі және өзге де әлемдік сәулет өнерінің жауһарларын салды. Ақбар, Шах-Жахан секілді билеушілер – бәрі де Әмір Темір әулетінің ұрпақтары. Сонымен қатар елдеріміз арасындағы әуе қатынасын дамыту да өте маңызды. Бұрын Лахорға тікелей рейс болғанын білемін, алайда қазір, менің білуімше, ол орындалмайды (дегенмен нақты айта алмаймын). Қалай болғанда да, әуе қатынасын ашу немесе кеңейту мәдени және туристік алмасудың дамуына серпін берер еді. Қазақстан мен Пәкістанның мәдени мұрасы бай, әрі Пәкістан қазақстандық туристер үшін үлкен қызығушылық тудыратыны сөзсіз.
Гуманитарлық ынтымақтастықтың да маңызы зор. Өткен жылы Қазақстанның ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек берген сұхбаттарының бірінде Пәкістанның өз аумағында қазақстандық медициналық жоғары оқу орнының филиалын ашуға қызығушылық танытып отырғанын айтқан болатын. Бұл – қазақстандық білім беру жүйесінің деңгейін мойындау. Біз оны жиі сынға аламыз, алайда іс жүзінде Қазақстанның медициналық жоғары оқу орындары Оңтүстік Азия елдерінде сұранысқа ие екенін көріп отырмыз. Мәселен, бүгінде Үндістаннан келген студенттер Қазақстандағы шетелдік білім алушылар арасында бірінші орында тұр. Пәкістандық студенттер де біздің жоғары оқу орындарында білім алуда, сондықтан қазақстандық медициналық университеттің Пәкістанда ашылуы – осы үрдістің қисынды жалғасы. Жалпы алғанда, ынтымақтастықтың әлеуеті өте жоғары. Егер Ауғанстанда тұрақтылық орнап, саяси ерік-жігер болса және сапарлар тек достық пен бауырластық туралы пафосты мәлімдемелермен шектелмей, нақты жобалармен бекітілсе, бұл, сөзсіз, Қазақстан мен Пәкістан арасындағы қарым-қатынасты жаңа сапалы деңгейге көтере алады.