Ақынның қазіргі денсаулық жағдайы өте күрделі
Әйгілі ақын, ұлт қайраткері Мұхтар Шахановтың келіні Жаңагүл Мұратқызы әлеуметтік желіде тараған видеоға қатысты ашық мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Мен, Жаңагүл Мұратқызы, Мұхтар Шахановтың келіні ретінде, қоғамға ашық мәлімдеме жасаймын! Атаның қазіргі денсаулық жағдайы өте күрделі, айтқан сөзін бірнеше минуттан соң ұмытып қалатын ауыр халде. Жақында ғана екінші ұлын жерлеген адамның көңіл-күйі, жан дүниесінің жағдайы қандай екенін бірі түсінсе, бірі түсіне бермейді. Қазір атамыз қоғамда болып жатқан оқиғалардан мүлдем хабарсыз екенін түсініңіздер! Сондықтан, өтінемін, тыныштық беріңіздер!» – деді Жаңагүл Өмірбекова.
Ол әлеуметтік желідегі бір видео үшін ұлтқа адал қызмет еткен тұлғаның ар-намысына тиіп, қарғап-сілеудің еш негізсіз әрі әділетсіз әрекет екенін қадап айтты.
«Мұхтар Шаханов – қазақ халқының тағдыры жолында күрескен, ана тілінің абыройы үшін өмірін сарп еткен тұлға. Ол – ұлтының алдындағы парызын адал ақтаған, тарихта мәңгі сақталатын ардақты азамат!» — деп қорытты келіні.
Еске сала кетсек, соңғы күндері әлеуметтік желіде ақынның атынан жалған парақша ашылып, фейк видео тараған еді. «Мемлекеттік тіл үшін өлуге де, сотталуға да болады» деген жазбаға 4 мыңнан астам лайк басылып, 700-ге жуық пікір жазылған. Кейін Ақпарат министрі Аида Балаева осыған қатысты түсініктеме беріп, арандатудың артында тұрған қауіпті күштер туралы айтқан еді.