×

Еуроодақ Украинаны 2027 жылы-ақ қабылдауы мүмкін

Еуроодақ Украинаны 2027 жылы-ақ қабылдауы мүмкін
Getty Images

Еуропалық одақ Украинаға 2027 жылға қарай ішінара мүшелік беру мүмкіндігін қарастыратын жаңа жоспар дайындап жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Politico басылымына сілтеме жасап.

Жоспар бес кезеңнен тұрады. Алғашқы кезең – Украинаны мүшелікке техникалық тұрғыдан дайындау. Қазірдің өзінде Еуропалық одақ Киевке құқықтық рәсімдер бойынша алдын ала кеңес беріп, бейресми қолдау көрсетіп отыр.

ЕО Кеңесіне төрағалық етіп отырған Кипрдің Еуропа істері жөніндегі орынбасар министрі Марилена Рауна реформалар мәселесінде ешқандай жеңілдік болмайтынын мәлімдеген. Ал Украина тарапы қажетті талаптарды орындауға дайын екенін білдірді.

Украина Президенті Владимир Зеленский елдің 2027 жылға қарай техникалық тұрғыдан дайын болатынын айтты. Оның сөзінше, бұл үдеріс соғыстың аяқталуы мен қауіпсіздік кепілдіктерімен қатар жүруі тиіс.

«Кері кеңею» тетігі

Жоспардың екінші кезеңінде мүшеліктің жеңілдетілген үлгісін енгізу ұсынылады. Соның бірі – «кері кеңею» қағидаты. Бұл тәсіл бойынша ел алдымен одаққа қосылады, ал құқықтар мен міндеттер кезең-кезеңімен беріледі. Мұндай қадам соғыс немесе саяси кедергілер салдарынан мүшелігі кешеуілдеп отырған мемлекеттерге саяси тұрғыдан күшті белгі болмақ.

Алайда Германия көпдеңгейлі мүшелік жүйесіне күмәнмен қарайды. Берлин толық дайын емес елдерге орындалуы қиын уәделер берілуі мүмкін деп алаңдайды. Дегенмен Франция, Италия және Польша секілді ықпалды мемлекеттер қолдау білдірсе, Германияның ұстанымы өзгеруі ықтимал.

Басты кедергі – бірауыздылық

Украинаның мүшелігіне қатысты шешім қабылдау үшін ЕО-ға мүше 27 елдің барлығы келісім беруі қажет. Қазіргі таңда Венгрия бұл мәселеге қарсылық танытып отыр. Елдің премьер-министрі Виктор Орбан Украинаның одаққа қосылуына қарсы көзқарасымен белгілі.

Еуропалық комиссия мен бірқатар ел астаналары сәуір айында өтетін Венгриядағы сайлауды жіті бақылауда. Егер оппозициялық «Тиса» партиясының жетекшісі Петер Мадьяр жеңіске жетсе, оның Украина мәселесін референдумға шығаруы мүмкін екені айтылып отыр.

Сарапшылардың пікірінше, Орбан қайта сайланған жағдайда, оған ықпал етуге Дональд Трамп тырысуы ықтимал. Бейбіт реттеу жоспары жобасында Украинаның 2027 жылы ЕО-ға қосылу перспективасы да қарастырылғаны айтылады.

Егер саяси келіссөздер нәтиже бермесе, Еуроодақ Венгрияға қатысты ЕО туралы шарттың 7-бабын қолдану мүмкіндігін қарастыруы ықтимал. Бұл бап одақтың негізгі құндылықтарын бұзу қаупі туған жағдайда мүше елдің дауыс беру құқығын уақытша тоқтатуға мүмкіндік береді. Алайда әзірге Брюссель мұндай қадамға баруға асықпай отыр.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →