×

Тоқаев жақын арада Конституция бойынша референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қояды

Тоқаев жақын арада Конституция бойынша референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қояды
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық комиссия төрағасы – Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімова, комиссия төрағасының орынбасары – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин және комиссия мүшесі – Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевты қабылдады, деп хабарлайды Qaz365.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Кездесу барысында Президентке жаңа Конституция жобасын әзірлеу жөніндегі атқарылған жұмыс туралы баяндалды. Эльвира Әзімованың айтуынша, Комиссияның он екі отырысының қорытындысы бойынша жаңа Ата Заңның түпкілікті жобасы дайындалған.

Жоба мәтіні азаматтар мен сарапшылардың былтыр қазан айынан бастап eGov және e-Otinish порталдары арқылы жолдаған ұсыныстары негізінде әзірленген. Сонымен қатар Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының қазан мен қаңтар аралығында жинақтаған ұсынымдары да ескерілген.

Комиссия талқылау нәтижесінде жаңа Конституция жобасын жалпыхалықтық референдумға шығару жөнінде ұсыныс енгізетінін жеткізді.

Президент Конституциялық комиссияның ауқымды әрі маңызды жұмыс атқарғанын атап өтті. Оның пікірінше, жаңа Конституция елдің институционалдық негізін жаңғырту үдерісін толық аяқтап, мүлде жаңа конституциялық үлгіге көшуге жол ашады.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Ата Заң жобасы қоғамдағы өзекті құндылықтар мен мемлекеттік саясат қағидаттарын айқындап қана қоймай, Қазақстанның алдағы дамуына берік негіз қалайтынын айтты.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы жобаны әзірлеу мен талқылауға мыңдаған азаматтың белсенді қатысқанын атап өтіп, бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес келетінін жеткізді.

Президент таяу уақытта жаңа Конституцияны қабылдау жөнінде республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қоятынын мәлімдеді.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →