×

Қазақстан Газаға қандай көмек көрсетеді: Тоқаев Трампқа ұсыныстарын айтты

Қазақстан Газаға қандай көмек көрсетеді: Тоқаев Трампқа ұсыныстарын айтты
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысында Газа секторындағы ахуалды тұрақтандыруға қатысты еліміздің ұстанымын жариялады. Президент Қазақстанның аймақты қалпына келтіру жұмыстарына жан-жақты атсалысуға әзір екенін жеткізді, деп хабарлайды Qaz365.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Президент өз сөзінде Қазақстанның аймақтағы құрылыс жұмыстарына қатысуға дайын екенін атап өтті.

«Қазақстан іскерлік және кәсіби беделі жоғары деңгейдегі халықаралық компанияларды тарта отырып, аймақты қайта қалпына келтіру және құрылыс жұмыстарына қатысуға ниетті. Бұл бағдарлама бойынша инфрақұрылым жасақтауға, үйлер мен тұрғын үй кешендерін, мектептер, ауруханалар және басқа да маңызды әлеуметтік нысандарды салуға болады», — деді Мемлекет басшысы.

Білім беру және гуманитарлық көмек

Қазақстан тек инфрақұрылым емес, адами капиталды дамытуға да қолдау көрсетпек. Тоқаев палестиналық жастар үшін арнайы квоталар бөлінетінін мәлімдеді.

«Қазақстан палестиналық студенттердің университеттерімізде білім алуы үшін бес жыл бойы 500-ден аса оқу грантын бөлуді жоспарлап отыр», – деді Тоқаев.

Сонымен қатар еліміз аймақты азық-түлікпен (бидай) қамтамасыз етуге және өзінің цифрлық шешімдерімен бөлісуге әзір.

Медициналық және бітімгершілік миссия

Қазақстан Халықаралық тұрақтандыру күштері аясында практикалық көмек көрсетуге де дайын.

«Біз халықаралық деңгейде мойындалған электрондық үкімет саласындағы тәжірибемізбен және басқа да цифрлық шешімдермен бөлісе аламыз. Қазақстан Халықаралық тұрақтандыру күштерін қолдауға әзір. Яғни далалық госпиталь құру үшін бір топ медицина маманын, сондай-ақ Азаматтық-әскери үйлестіру орталығына бақылаушылар жіберуге даяр», — деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →