Мексикада ең қауіпті «Халиско жаңа ұрпақ» (CJNG) есірткі картелінің лидері Немесио Осегера Сервантестің («Эль Менчо») көзі жойылғаннан кейін елде жаппай тәртіпсіздіктер басталды. Осыған байланысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі аймақтағы отандастарымызға сақтық шараларын сақтауды ескертті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қазіргі уақытта Мексиканың бірқатар штаттарында жағдай күрделі. Қылмыстық топтар көліктерді өртеп, тас жолдарды бөгеп тастаған. Кейбір қалада төтенше жағдай режимі енгізілді.
СІМ мәліметінше, қазіргі уақытта Мексикада Қазақстанның 35 азаматы консулдық есепте тұр. Елшілік олармен тұрақты байланыс орнатып, жағдайды бақылауда ұстап отыр.
«Қазақстандықтарға сабыр сақтау, қауіпсіз жерлерден шықпау және барынша сақ болу ұсынылады», — деп хабарлады ведомстводан.
«Эль Менчо» лақап атымен танымал Сервантес әлемдегі ең көп ізделген қылмыскерлердің бірі болған. Оның жойылуы картель мүшелерінің тарапынан агрессия тудырып, елдегі қауіпсіздік шараларының күрт күшеюіне алып келді.