Еңбек адамының мүддесін қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету, әділ еңбекақы төлеу мәселелері жоғары құқықтық деңгейде бекітілуде
Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты, «Ақ жол» демократиялық партиясының мүшесі, "Арал Газ" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Ақманат Төлегенова Жаңа Конституция жобасына қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Депутат еліміз үшін маңызды кезеңде әр азаматтың белсенді ұстанымы мен саналы таңдауы айрықша мәнге ие екенін атап айтты.
“Қоғамдық өзгерістерге бейжай қарамай, ортақ іске жауапкершілікпен қарау – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз. Сондықтан халыққа шынайы, нақты әрі түсінікті ақпараттың уақытылы жетуі аса маңызды. Жаңа Конституция жобасында адам құқығы мен әлеуметтік әділеттілік қағидаттары басты назарға алынған. Әсіресе, еңбек адамының мүддесін қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету, әділ еңбекақы төлеу мәселелері жоғары құқықтық деңгейде бекітілуде. Бұл – жұмыс берушілер мен мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейтіп, еңбек саласындағы кепілдіктерді нақтылай түседі”, – деді Ақманат Төлегенова.
Сонымен қатар «Ақ жол» демократиялық партиясының мүшесі Ата Заң жобасында әр азаматтың еңбек етуге, өз кәсібін еркін таңдауға, қауіпсіз әрі гигиеналық талаптарға сай жұмыс істеуге құқығы айқын көрсетілгеніне тоқталды.
“Жобада кемсітусіз еңбекақы алу, әлеуметтік қорғалуға ие болу және заңмен белгіленген әлеуметтік кепілдіктерді пайдалану мүмкіндігі қарастырылған. Ең төменгі жалақы мен зейнетақы мөлшеріне мемлекеттік кепілдік берілуі – халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл нормалардың Конституциялық деңгейде бекітілуі – азаматтардың құқықтары мемлекет қорғауында екенін және әлеуметтік тұрақтылықтың басты құндылық ретінде танылғанын білдіреді”, – деді депутат.
Ақманат Төлегенова қазаөстандықтарды ел болашағына бейжай қарамай, 15 наурызда өтетін референдумда саналы шешім қабылдауға атсалысуға шақырды.