АҚШ пен Израильдің әуе соққысы кезінде қаза тапқан Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи орнына оның ұлы, 56 жастағы Мұжтаба Хаменеи келуі мүмкін. Мұндай ақпаратты дереккөздерге сүйенген Deutsche Welle басылымы жариялады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Мәліметтерге қарағанда, бұл шешім Ислам революциясы сақшылар корпусының ықпалымен қабылдануы ықтимал. Сондай-ақ жаңа жоғарғы көшбасшы мәселесін талқылауға шиит дінбасыларынан құралған жоғары басқару органының 88 өкілі қатысқан. Дегенмен бұл деректерді растайтын ресми мәлімдеме әзірге жарияланған жоқ.
Әли Хаменеи қаза тапқаннан кейін ел басқару уақытша үш адамнан тұратын кеңеске жүктелді. Оның құрамына Иран президенті Масуд Пезешкиан, сот жүйесінің басшысы Голям Хосейн Мохсени-Эджеи және Әлиреза Арафи кіріп отыр.Бұған дейін жоғарғы көшбасшының міндетін уақытша атқару да Әлиреза Арафиге тапсырылғаны хабарланған болатын.
Аятолла Әли Хаменеи Иранды 1989 жылдан бері басқарды. Ол 28 ақпанда Тегеранға жасалған әуе соққысы кезінде қаза тапқан. Елде жоғарғы көшбасшыны ислам құқығы саласының өкілдерінен тұратын 88 мүшелі Сарапшылар кеңесі сайлайды. Бұл кеңестің құрамы сегіз жыл сайын жаңартылып отырады, соңғы сайлау 2024 жылы өткен.
Қазіргі уақытта АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциясы жалғасуда. Вашингтон Тегеранның ядролық қаруға ие болуына жол бермеу қажет екенін бірнеше рет мәлімдеген. Ал Иран билігі ядролық қару жасау ниеті жоқ екенін айтқанымен, уран байыту құқығынан бас тартпайтынын алға тартып келеді.
Өз кезегінде Иран Парсы шығанағындағы бірқатар елдерге – Кувейт, Қатар, Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктері және Сауд Арабиясына қарай зымырандар мен ұшқышсыз аппараттар ұшырып жатыр. Аймақтағы ахуал әлі де күрделі күйде қалып отыр.