Иранның болашағы жақсы болуы мүмкін
АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп Иранға қатысты қатаң мәлімдеме жасап, Тегеранмен ешқандай келісім болмайтынын айтты. Оның сөзінше, Иран тек «тізе бүккенде» ғана жаңа кезең басталуы мүмкін. Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде жариялаған мәлімдемесінде Иранның болашағы жаңа басшылыққа байланысты болатынын атап өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
– Иранмен ешқандай келісім болмайды – тек сөзсіз тізе бүгуі керек. Одан кейін жаңа әрі қабылдауға болатын көшбасшылар таңдалған соң, біз және одақтастарымыз Иранды жойылу шегінен алып шығу үшін жұмыс істейміз. Оны экономикалық тұрғыдан бұрынғыдан да күшті елге айналдыра аламыз. Иранның болашағы жақсы болуы мүмкін. «Иранды қайта ұлы етейік», – деді Дональд Трамп.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай мәлімдемелер Таяу Шығыстағы жағдайды одан әрі күрделендіруі мүмкін. Экономист Расул Рысмамбетовтің айтуынша, соғыстың алғашқы күндерінде басқару жүйесіне, инфрақұрылымға және әскери нысандарға соққы жасалып, әуеде үстемдік орнаса, бұл Иранның ең маңызды кезеңде ұтылғанын білдіреді.
Сарапшы тағы бір әлсіз тұс – басқару жүйесінің бір орталыққа тәуелді болуы екенін айтты. Егер жоғары деңгейдегі көшбасшыларға соққы жасалса, бұл тек символдық емес, бүкіл басқару жүйесінің әлсіздігін көрсетеді деген сөз.
Дегенмен экономистер Иранмен арадағы сауда қатынастары да бірден әлсірей қоймайтынын айтуда. Соңғы жылдары екі ел арасындағы экономикалық байланыстар біртіндеп нығайып келе жатқан еді. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі болса, Иран бұл ұйымға бақылаушы мәртебесінде қосылған. Сонымен қатар Иранның Ресеймен де қарым-қатынасы тұрақты.
Экономист Сапарбай Жобаевтің сөзінше, Иран халқының саны 85 миллионға жуық болғандықтан, еліміз үшін алып нарықтың бірі саналады. Кейінгі кезеңде бұл ел тарапынан Қазақстан өнімдеріне сұраныс артқан. Егер АҚШ бізге Иранмен сауда жасауға қатаң шектеулер қоймаса, қазақстандық тауарларға деген сұраныс көлемі сақталуы мүмкін. Қазір Қазақстан бұл елге металл, бидай, ұн, өсімдік майы, ет сияқты азық-түлік өнімдерін экспорттап отыр.
Себебі Иранның климаттық жағдайы ауыл шаруашылығына қолайлы болмағандықтан, азық-түлікке сыртқы сұраныс жоғары. Ал Қазақстан өз кезегінде Ираннан жеңіл өнеркәсіпке арналған құрал-жабдықтар мен түрлі жеміс-жидек өнімдерін импорттайды.
Экономистің айтуынша, өңірдегі қақтығыс жалғасқан күннің өзінде екі ел арасындағы сауда-саттық күрт тоқтап қалуы екіталай. Кейбір сарапшылар Ираннан босқындар ағылуы мүмкін деген болжам айтады, бірақ Сапарбай мырза мұндай пікірмен келіспейді. Оның сөзінше, Иран халқының Еуропаға кетуі әлдеқайда ықтимал. Себебі ол жақта әлеуметтік қолдау жоғары, кейбір елдерде ай сайын шамамен 600 доллар көлемінде жәрдемақы беріледі.
Осылайша, Иран мен Израиль арасындағы шиеленіс тек Таяу Шығыс аймағымен шектелмей, мұнай бағасының өзгеруі арқылы Қазақстан экономикасына да жанама әсер етуі мүмкін.