×

Қазақстан ресейліктерді жаппай депортациялауға дайындалып жатыр ма?

Қазақстан ресейліктерді жаппай депортациялауға дайындалып жатыр ма?
prufy.ru

Қазақстанда жалған ықтиярхат (ВНЖ) алу дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Құқық қорғаушылар мен бірнеше шетелдік БАҚ-тың мәліметінше, бұл іс бойынша әскерге шақырылу жасындағы ондаған ресейлік куәгер ретінде тартылған, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Азаттыққа сілтеме жасап.

Тергеу шаралары ақпан айының соңында басталып, қазіргі уақытта «Ковчег» және «Слово защиты» жобаларына көмек сұрап хабарласушылар жиілеген.

Құқық қорғаушылардың пайымдауынша, алаяқтар арқылы заңсыз құжат рәсімдеген ресейліктердің рұқсат қағаздарының күші жойылып, соңы жаппай депортацияға ұласуы мүмкін. Әсіресе, Қазақстан аумағында бір жылдан астам уақыт заңсыз тұрып келген тұлғаларға елден шығарылу қаупі төніп тұр. Қазіргі таңда Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.

Алайда Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев «жаппай депортация» туралы ақпаратты жоққа шығарды.

«Бұл — жай ғана сыбыс. Қазақстанға пана іздеп келген тұлғалардың өтініштері халықаралық міндеттемелер мен ұлттық заңнама аясында қаралады. Тек сот шешімінен кейін ғана азаматтарды шыққан еліне қайтару мәселесі туындауы мүмкін», — деді Ержан Ашықбаев «Ұлысмедиаға» берген сұхбатында.

Айта кетейік, 2026 жылдың басынан бері Қазақстан бірнеше ресейлік белсендіні, соның ішінде Юлия Емельянова мен Мансур Мовлаевты экстрадициялау туралы шешім қабылдаған болатын. Қазіргі уақытта елімізден ресми түрде 176 адам босқын мәртебесін сұрап отыр, бірақ олардың қай ел азаматтары екені нақтыланбады.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →