Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция жобасында орыс тілінің мәртебесі төмендейді деген қауесеттерге қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Президент барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында сөйлеген сөзінде мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Президенттің айтуынша, Конституциядағы өзгерістерге байланысты орыс тілінің мәртебесіне қатысты айтылған сындар негізсіз және заңнамалық сауатсыздықтан туындаған. Мемлекет басшысы осы тақырыпта жарияланған мақалалардың сапасының төмендігіне және ондағы стилистикалық әрі грамматикалық қателердің көптігіне ерекше тоқталды. Ол жарияланым авторларының орыс тілі үшін алаңдайтынына қарамастан, өздерінің бұл тілді дұрыс меңгермегенін атап өтті.
«Жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде бірдей заңды күшке ие қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма?» – деді Тоқаев.
Президент бұл мәселеде ақталудың немесе артық түсініктеме берудің қажеті жоқ екенін қадап айтты.
Сонымен қатар мемлекет басшысы қазақ тілінің мәртебесі төмендеді деген пікірлерге де жауап берді. Оның айтуынша, мұндай байбалам салудың қажеті жоқ.
«Жаңа Конституция жобасында “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі” деп нақты жазылған», — деді Президент.
Тоқаевтың сөзінше, қазақ тілі тек көркем әдебиетте ғана емес, елдің қоғамдық-саяси өмірінің барлық саласында кеңінен қолданылады. Ол жастар арасында қазақша сөйлеу сәнге айналғанын атап өтті.
«Басқаша айтқанда, қазақ тілінің болашағы жарқын», — деді мемлекет басшысы.
Президент кейбір адамдар тіл мәселесін саяси құрал ретінде пайдаланатынын айтты. Оның пікірінше, қазақ жастары жаңашылдыққа тез бейімделеді және қазақ, орыс тілдерімен қатар бірнеше тілді еркін меңгере алады.