Республикалық референдумға өңір жоғары деңгейде дайындалған.
Бүгін елімізде жаңа Конституцияның жобасын қабылдау бойынша республикалық референдум өтіп жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бүгін Қазақстанда жаңа Конституция жобасын қабылдау бойынша республикалық референдум өтіп жатыр. Дауыс беру учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді.
Халқы тығыз әрі демографиялық өсімі жоғары Түркістан облысында тұрғындардың белсенділігі жоғары. Өңірдегі барлық сайлау учаскелерінде мемлекеттік Әнұран шырқалып, алғашқы сайлаушылар өз таңдауларын жасап, дауыс беруді бастады.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров алғашқылардың бірі болып Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде орналасқан №133 сайлау учаскесінде дауыс берді. Бұл учаскеде тұрғындардың белсенділігі жоғары. Дауыс беруге 18 жасқа енді толған жастардан бастап, зейнеткерлерге дейін қатысып жатыр.
Облыс бойынша барлығы 948 референдум учаскесі жұмыс істейді. Оның ішінде 26 жабық учаске бар.
Қазіргі таңда Түркістан облысында 2 миллион 154 мыңнан астам тұрғын тұрады. Соның ішінде 1 187 257 азаматтың дауыс беру құқығы бар, бұл өңір халқының 55,4 пайызын құрайды.
Республикалық референдумға өңір жоғары деңгейде дайындалған. Облыс бойынша жалпы 6380 комиссия мүшесі жұмылдырылған. Оның ішінде:
1 облыстық комиссия – 7 мүше
17 аумақтық комиссия – 119 мүше
948 учаскелік комиссия – 6254 мүше

Комиссия мүшелерінің 97 пайызы референдум және әртүрлі деңгейдегі сайлау науқандарын өткізуде тәжірибесі бар.
Сонымен қатар бақылаушылар референдум барысын тұрақты түрде қадағалап отыр. Барлық учаскелер қажетті құрал-жабдықтармен және материалдық-техникалық базамен толық қамтамасыз етілген.
Облыста биылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша 16 601 ерекше қажеттілігі бар дауыс беруші азамат бар. Оның ішінде:
4 мың азамат – қоларба пайдаланады
8171 азаматтың көру қабілеті нашар
4430 азаматтың есту қабілеті төмен
Олардың дауыс беруіне барлық учаскелерде қолайлы жағдайлар жасалған.
Жалпы, өңірде республикалық референдум жоғары деңгейде өтіп жатыр. Дауыс беру жалғасуда, тұрғындардың белсенділігі жоғары.