АҚШ-тың Терроризмге қарсы ұлттық орталығының директоры Джо Кент Ирандағы әскери қимылдарға наразылық ретінде өз еркімен қызметінен кетті. Бұл туралы ол АҚШ президенті Дональд Трамптың атына жазған ресми хатында мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Кент өз мәлімдемесінде Иран тарапынан АҚШ-қа ешқандай тікелей қауіп төнбегенін алға тартты. Орталық басшысы бұл қарулы қақтығыстың басталуына «Израиль лоббиінің» ықпалы болғанын атап өтіп, мұндай соғысты қолдай алмайтынын ашық жазған. Оның айтуынша, Вашингтонның Иранға қарсы қазіргі стратегиясы ұлттық мүддеге сай келмейді.
АҚШ президенті Дональд Трамп Джо Кенттің отставкасына қатысты пікір білдіріп, оны бұған дейін «жақсы жігіт» деп санағанын, бірақ қауіпсіздік мәселелерінде «өте әлсіз» болғанын айтты. Трамп Иранның АҚШ қауіпсіздігіне нақты қатер төндіргеніне сенімді екенін және әскери операцияның негізді екенін тағы да растады.
АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциясы биыл 28 ақпанда басталған болатын. Бұл қақтығыс Таяу Шығыстағы жағдайды түбегейлі ушықтырып, халықаралық деңгейде қызу талқы тудырып отыр. Джо Кенттің қызметінен кетуі – Трамп әкімшілігі ішіндегі Иран мәселесіне қатысты алғашқы ірі саяси қайшылықтардың бірі.