×

Иран Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерден ақы алмақ

Иран Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерден ақы алмақ
Zuma / TASS

Иран билігі стратегиялық маңызы бар Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелер үшін ақылы жүйе енгізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Иран парламентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі комиссия мүшесі Алаэддин Боруджерди мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі SNN телеарнасына сілтеме жасап.

Жаңа заң жобасына сәйкес, бұғаздағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қызмет көрсету үшін арнайы алымдар алынатын болады.

Lloyd's List басылымының мәліметінше, Иран іс жүзінде наурыз айының соңынан бастап жекелеген тасымалдаушы үшін ақылы «қауіпсіз дәліз» ұйымдастыра бастаған. Тіпті операторлардың бірі транзит үшін шамамен екі миллион доллар төлегені туралы ақпарат бар. Қазіргі таңда Тегеран кемелерді тіркеу мен рұқсат берудің ресмилендірілген жүйесін іске қосуды көздеп отыр, алайда алымдардың нақты мөлшері әзірге жарияланбады.

АҚШ пен Израильдің әскери операциясы басталғаннан кейін Иран Ормуз бұғазы арқылы сауданың тоқтатылатынын жариялаған болатын. Айта кетейік, бұл су жолы арқылы әлемдік мұнай мен мұнай өнімдерінің 15–20 пайызы, сондай-ақ сұйытылған табиғи газдың 30 пайыздан астамы тасымалданады. Сондықтан бұғаздың жабылуы немесе ақылы болуы әлемдік энергетика нарығына айтарлықтай әсер етеді.

Тегеран тек «дос елдер» тізіміне енген мемлекеттердің кемелеріне ғана өтуге рұқсат беріп отыр. Олардың қатарында Ресей, Үндістан, Ирак, Қытай және Пәкістан бар. Иран СІМ басшысы Аббас Арагчи ел билігі стратегиялық маңызды бұғазды өз қарсыластарының мүддесі үшін пайдалануға жол бермейтінін қадап айтты.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →