АҚШ Иран аумағына жасалатын бомбалау жұмыстары мен өзге де әскери соққыларды екі аптаға тоқтата тұру туралы шешім қабылдады. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде жазды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Президенттің айтуынша, бұл қадам Пәкістан тарапымен кеңескеннен кейін жасалған. Келісімнің басты шарты ретінде алдағы екі аптада Ормуз бұғазы арқылы кемелердің еркін өтуі бекітілді.
Дональд Трамп АҚШ-тың Ирандағы негізгі әскери міндеттерін толық орындап, тіпті жоспардан асып түскенін мәлімдеді. Қазіргі уақытта Вашингтон мен Тегеран арасында ұзақ мерзімді бейбітшілік келісімі талқылануда. Америкалық тараптың мәліметінше, Иран келіссөздерге негіз бола алатын 10 тармақтан тұратын жоспарын ұсынған. NYT басылымына сұхбат берген шенеунік соққылардың тоқтатылғанын растаса, CNN Израильдің де осы екі апталық үзіліске келісім бергенін хабарлады.
Иран билігі де өз кезегінде бітімге келуге дайын екендігін жеткізді. Fars мемлекеттік агенттігі Тегеранның бұл жағдайды өз «жеңісі» деп санайтынын және ұсынылған жоспардың орындалуын талап ететінін жазды. Иран тарапының талаптарының ішінде санкцияларды алып тастау және Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерден төлем алу мәселелері бар.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы атысты тоқтату және уақытша бітімге келу шешімін қолдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Ресми Астана аймақтағы тұрақтылықты нығайтуға бағытталған кез келген дипломатиялық қадамды құптайтынын білдірді.