×

Саяси жүйені «қайта құру»: Құрылтай сайлауы тамыз айында өтеді

Президенттің айтуынша, алдағы сайлау жай ғана саяси шара емес, ол мемлекеттік басқару тетіктерін түбегейлі жаңартудың бастауы болмақ.

Саяси жүйені «қайта құру»: Құрылтай сайлауы тамыз айында өтеді
Aqorda

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның саяси өміріндегі маңызды белес – бір палаталы Құрылтай сайлауының қашан өтетінін жариялады. Президенттің айтуынша, ауқымды науқан биылғы тамыз айына жоспарланған, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Президент ел өміріндегі бетбұрысты кезеңдер туралы халыққа алдын ала ақпарат беру – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының басты қағидасы екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы сайлау мерзімін бес ай бұрын жариялауының өзіндік себебі бар екенін түсіндірді. Бұл саяси партиялардың науқанға сақадай сай дайындалуына берілген мүмкіндік.

«Конституция күшіне енген сәттен бастап бір палаталы Құрылтай сайлауын өткізу жөніндегі Жарлыққа қол қоямын. Сайлау биыл тамыз айында өтеді. Мұны әдейі ерте айтып отырмын. Өйткені партиялардың жоспарларын айқындап, сайлау науқанына дайындық жүргізуіне жеткілікті уақыты болуы керек. Осылайша, партиялардың сайлаушылармен тиісті жұмыс жүргізуіне бес айға жуық уақыт беріледі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, алдағы сайлау жай ғана саяси шара емес, ол мемлекеттік басқару тетіктерін түбегейлі жаңартудың бастауы болмақ.

«Құрылтай сайлауы Қазақстанның бүкіл саяси жүйесін жаппай «қайта құруға» жол ашады. Бұл ретте біз жүзеге асырып жатқан саяси және экономикалық реформалар қоғамдық сананың оң сипатта өзгеруіне әсер етуге тиіс. Мен мұның маңызы жөнінде бірнеше рет айттым», – деп толықтырды Мемлекет басшысы.

Бұл қадам еліміздегі саяси бәсекелестікті арттырып, билік тармақтарының халық алдындағы жауапкершілігін нығайта түспек. Мамандардың пікірінше, бес айлық дайындық кезеңі жаңа саяси күштердің де бой көрсетуіне септігін тигізуі мүмкін.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →