Абзал Құспан бір мандатты депутатқа арнайы аппарат беруге Қазақстан үкіметінің де, қоғамның да дайын емес екенін атап өтті
Белгілі заңгер, мәжіліс депутаты Абзал Құспан журналистердің қай партияға қосылуыңыз мүмкін деген сауалына жауап бергенде басымдық «AMANAT» партиясында екенін атап өтті. Дегенмен ол нақты қай партияға баратынын ашып айтпай, екіұшты жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ол саны жағынан көп болған соң «AMANAT» партиясында басымдық бар екенін тілге тиек етті.
«Приоритет «AMANAT» партиясында. Неге десеңіз, біз депутат болғанда көпшіліктің қайда екенін көрдік қой. Бізде шешім қабылдаған кезде әрбір депутат бір-бір дауысқа ие. Басымдық «AMANAT» партиясында. Өйткені олардың саны көп. Егер партия басшылығы қатарларына қабылдап, бірге сайлауға қатысуға ниет білдірген жағдайда бірінші кезекте «AMANAT» партиясына жолыққан болар едім», — деді Абзал Құспан.
Айта кетейік, Абзал Құспан Батыс Қазақстан облысынан бір мандатты депутат болып сайланған. Журналистер бір мандатты депутат болудың қиындығы туралы Ермұрат Бәпи бірнеше рет көтергенін еске салып, бұл мәселе жөнінде де пікірін сұрады. Құспан бұл проблеманы бұған дейін өзі де айтқанын жеткізді.
Оның айтуынша, біздің қоғам да, үкімет те бір мандатты депутатқа арнайы аппарат беруге дайын емес. Себебі бұл бюджетке салмақ түсіреді.
«Мен бұны Ермұрат Бәпиден де бұрын айтқанмын. Жеке бір мандатты депутаттыққа қатысты бізді тығырықтан шығаратын екі жол бар. Ол кезде әлі Конституцияға қатысты өзгеріс болып жатқан жоқ еді. Сол кезде қандай проблема бар екенін айтқанмын. Әрине, бір мандатты болған депутаттың тәуелсіз болатын артықшылығы бар. Бірақ бір депутатта бір ғана көмекші болады. Ол көмекші барып-келу, құжаттарды тіркеу, азаматтарды қабылдауды ұйымдастырумен ғана шектеледі. Ал үлкен заң жобаларын жүзеге асыруға уақыты да, мүмкіндігі де жете бермейді. Мен кәсіби заңгермін. Біраз ойларымды жүзеге асыра аламын. Сондықтан сол кезде айтқанмын: біз бір мандатты депутаттарға Америкадағыдай аппарат беруіміз керек. Мысалы, конгрестегі депутаттың Вашингтонда да кеңсесі болады, сайланған округінде де кеңсесі болады. Ол жақта қызметкерлер жұмыс істейді. Бірақ оның бәрі бюджетке қосымша жүктеме түсіреді. Менің ойымша, біздің қоғам да, үкімет те мұндай шығындарға дайын емес», — деді Абзал Құспан.
Ол Ресейдің өзінде бір депутаттың 10 көмекшісіне дейін болатынын айта кетті. Депутат қызметке келгенде ғана көмекшінің көп болғаны қаншалықты маңызды екенін ұққанын айтты.
«Біз мұны осы қызметке келгенде түсіндік. Бір өзің болып нәтижеге жету өте қиын. Сосын бір мандатты депутат кетіп қалғаннан кейін оның жұмысын жалғастыратын ешкім болмайды. Ал партияда болса, аппарат оның идеясын, заң жобасын әрі қарай жалғастыра алады. Я бір мандатты депутаттықты жою қажет, я оларға партиядағыдай бірнеше қызметкерден тұратын аппарат беру керек. Бірақ ол үлкен бюджеттік шығындарға әкеледі. Менің ойымша, оған ешкім дайын емес», — деді Абзал Құспан.
Айта кетейік, Құрылтай сайлауы тамыз айында өтеді.