Ғалым Жүсіпбек «Заманауи адам құқығы түсінігі және Қазақстан» деген тақырыпта қоғамдық лекция өткізді
Ғалым, саясаттанушы, халықаралық қатынастар саласында PhD докторлық қорғаған Ғалым Жүсіпбек елдегі адам құқықтарының тапталуына қатысты пікірі білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі.
Ол елдегі адам құқытарының сақталмауын Кеңес одағының құрылуымен байланыстырады.
«Бірінші кезекте, адамдар өз құқықтарын білмеуден туындап жатыр. Екіншісі, Кеңес одағы 30 жыл бұрын құлағанымен, біздің қоғамдық санамыз терең із қалдырды. 70 жыл өте үлкен мерзім. Үш ұрпақ ауысты. Кеңес одағында адам жоқ, жүйе болды. Яғни, адам құқықтары ескерілмеді. Адамды адам ретінде сыйлау мүлдем көрініс таппады. Оның тамыры 20 жылдардың аяғы мен 30 жылдардағы геноцидте жатыр», - дейді Ғалым Жүсіпбек.
Ол Большевиктердің билікке келуі тек қан төгіспен жүзеге асқанын еске салып өтті. Сондықтан 70 жыл бойы адамды адам ретінде қабылдамайтын жүйе құрды деп есептейді. Кеңес одағы құрылмай, Алашорда өмір сүруін жалғастырғанда, Қазақстан Орта Азиядағы Финляндияға айналар еді, дейді ол.
«Ауырған адам бірден төсектен тұрып кете алмайды. Комадан шыққан соң, есін жияды. Сосын қайта қалыпқа келуі тиіс. Оған талай уақыт кетеді. Біздің қоғам осыған ұқсас. Еліміздегі адам құқығының тапталуының тамыры осында. Кеңес одағы құрылмағанда, Алашорда өмір сүруін жалғастырғанда, Қазақстан Орта Азиядағы Финляндияға айналар еді. Әлі де мүмкіндік бар. Біз қалай дегенмен тәуелсіз мемлекетпіз», - дейді ғалым.
Айта кетейік, Алматыда Ғалым Жүсіпбек «Заманауи адам құқығы түсінігі және Қазақстан» деген тақырыпта қоғамдық лекция өткізді.
Бұған дейін оның «Алдағы 10 жылда қазақ тілі дамып, орыс тілі тек коммуникация құралы болатынын» айтқанын жазғанбыз.