Ұйым 19 наурызда өткен сайлаудың ресми нәтижесімен келіспеген белсенділердің бастамасымен құрылған
Алматының Медеу аудандық полициясы қоғам белсендісі, тарихшы Есенғазы Қуандыққа 200 мың теңгеге жуық айыппұл салды. Бұл туралы қоғам белсендісі Инга Иманбай жазды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оған «тіркелмеген ұйым жиынына қатысты» деген айып таққан.
«Бүгін профессор, тарих ғылымдарының докторы Есенғазы Қуандыққа полиция келді. «Халық парламенті» жиынына қатыстың, тәртіп бұздың деп айыппұл салды.
Сонда ғимараттың ішінде, жабық жерде жиналысқа қатысу да заң бұзушылық болғаны ма? Есенғазы Қуандық аға бұл жиынды ұйымдастырған жоқ, адамдарды шақырмады, бар болғаны қатысты, өз ойын айтты, пікірін жеткізді. Сол үшін айыппұл салу, қудалау деген не сұмдық?» – дейді Инга Иманбай.
Ол Есенғазы Қуандық - қашан да елдік, ұлттық мүддені қорғап жүрген, шындықты айтып, ашық күрес жолында жүрген ғалым, профессор екенін айтқан.
«Зейнеткерлік жаста болса да, жастардан қалмай жиындарға қатысып, митингтерге шығып, тіпті бірнеше рет ұсталған кезі де болды. Оның жасын да, ғалымдық атағын да сыйламай, оған полиция жіберіп, айыппұл салу не деген масқара? Есенғазы Қуандық бұл айыппұлмен келіспейді, алдағы уақытта сотқа жүгінеді. Біз міндетті түрде ғалымға қолдау білдіруіміз тиіс!» – дейді қоғам белсендісі.
Айта кетейік, «Халық парламенті» 19 наурызда өткен сайлаудың ресми нәтижесімен келіспеген белсенділердің бастамасымен құрылған.