×

Ресейдің ақпараттық саясатын Соловьев, Киселев, Скабеевалар жүргізіп отыр, ал бізде қалай - Серік Жанболат

 «Қазақ» газетінің 110 жылдығына арналған «Қазақ» газеті және ұлттық баспасөз» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Ресейдің ақпараттық саясатын Соловьев, Киселев, Скабеевалар жүргізіп отыр, ал бізде қалай - Серік Жанболат
Фото: Самат Құсайынов

Бүгін «Қазақ Медиа Ассоциациясы» ЗТжЖКБ ұйымдастыруымен және Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақ» газетінің 110 жылдығына арналған «Қазақ» газеті және ұлттық баспасөз» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. 
Осы басқосуда ардагер журналист Серік Жанболат ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды Qaz365.kz

Ол Ресейдің мысалында сөз қозғады. Солтүстік көршіміздің тележүргізушілерінің ақпараттық саясаттағы ықпалын сөз етті. 

«Кезінде газеттер өте үлкен рөл атқарды. Бірақ кейін баратын жеріне дер кезінде бара алмай, өшуге айналды. Сол секілді телевизия саласын алып қарайық. Қазір неге ақпараттық майдан туралы айтамыз? Ресейдің агрессиясын таратып отырған ең алдымен телевидениедегі журналистер, жүргізушілер. Сол Соловьев, Киселев, Скабееваларды айтуға болады. Ал біздің телевидение саласы сай жұмыс істеп отыр ма?» - дейді Серік Жанболат.

Ресейдегі халықтардың санасын телевидениедегі жүргізушілер қалыптастырып отырғанын айтқан ол «Журналистерді Скабеева, Познер сияқты деңгейде көре аламыз ба?»
деген сауал тастады. Негізі ақпараттық саясатты жүргізіп отырған журналистер деп  есептейді. 

«Өйткені епті сөйлейді. Ойына келгенін айтады. Қателесіп те жатады. Бірақ қателескеніне ешкім кінәлап жатқан жоқ. Ресейде Путиннің рейтингі бұрын 90 пайыз болса, қазір де сол 70 пайыздың деңгейінде екен. Яғни Ресейдегі халықтардың санасын телевидениедегі жүргізушілер қалыптастырып тастаған. Біздің телевизия саласы олай жұмыс істеп жатқан жоқ. Шынын айту керек, ақпараттық майдан туралы айтқанда, еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін сөз етуіміз керек. Тәуелсіздіктің бірден-бір белгісі - ақпараттық саясат», - дейді журналист.

Оның айтуынша, басқа мемлекеттер заң бойынша  ақпарат кеңістігін бөтенге бермейді.  

«Мәселен, Ресейде шетелдіктер ақпарат құралының 20 пайыздық акциясына ғана ие бола алады. Бізде ше? Ресейдің іргелі басылымдары, қосымшалары елімізде де шығады. Оларда не жарияланып жатыр? Кім қадағалап жатыр? Ақпарат кеңістігін қорғау үшін министрлік қана емес, үкімет қолға алу керек», – деді ардагер журналист.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →